©
Өлкемізде өнертанушы, фольклор жинаушы ретінде белгілі азамат Жұмахансері Достанов мәдениет саласының дамуына қосқан зор үлесі, ұзақ жылғы жемісті еңбегі, ұйымдастырушылық белсенділігі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Жастайынан сазгерлік қабілетімен танылған өнерпаз Жұмахансері Оңғарұлы 1956 жылы 25 мамырда Түрікменстан Республикасының, Ташауыз қаласында дүниеге келген. Жеке шығармашылығымен қатар өмірінің қырық жылын ұйымдастырушылық қызметке арнаған. Оның қайсар, өжет, өз ұлтының патриоты болып қалыптасуына атажұртынан жырақта туып-өскені де себеп болса керек. 1960 жылы Жұмахансері ағайдың ата-анасы, отбасы ОҚО Илиьч ауданы Иіржар елді мекеніне қоныс аударады. Сол жерде болашақ шығармашылық иесі 1963 жылы мектепке барып, 1973 жылы Сырдария облысы Мырзашөл ауданында Абай атындағы орта мектепті бітіреді. 1973-75 жылдары Мырзашөл аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып жұмыс жасайды. 1975-77 жылдары Атырау қаласындағы саз училищесінде оқып, кейін ОҚО Жетісай мәдени ағарту-техникумына ауысады. Онда халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі мамандығы бойынша диплом алып, 1978 жылдан бастап Мырзашөл аудандық мәдениет үйінде әдіскер, кейін көркемдік жетекші болады. Жиырма жылдан астам басшылық қызметте: 1980-90 жылдары орталықтандырылған клуб жүйесінің директоры; 1990-2002 жылдары Ш.Қалдаяқов атындағы балалар саз мектебінің директоры; 2002-03 жылдары Жызақ облыстық мәдениет басқармасы басшысының бірінші орынбасары болды.
Жұмахансері Достанов 1977 жылы Мырзашөл аудандық мәдениет үйінің жанынан жастар эстрадалық ансамблін, 1985 жылы сол жерде Мырзашөл әуендері қазақ фольклорлық ансамблін ұйымдастырған. 1980-82 жылдары «Алло, біз таланттарды іздейміз» атты республикалық конкурстың дипломанты атанды. «Қазақстан» ұлттық арнасында (1986), Түркменстанның Балқан облыстық телеарнасында (1987), Тәжікстан Республикасы орталық телеарнасында (1988), Өзбекстан Республикасы орталық телеарнасында (1989), Болгария, Румыния елдерінде халықаралық Нептун мейрамында (1986), Мәскеу қаласында Бүкілодақтық комсомол жастар орталықтарында өнер көрсеткен (1980, 1985). 1993 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда өнер, әдебиет, әлеуметтік мәселелер бойынша мақалалары жарияланып келеді.
2003 жылы тарихи отанына оралды. Маңғыстау облыстық өнер колледжінде, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік орталықта жұмыс жасады. Кейінгі жылдары жеке шығармашылықпен айнала бастады.
Оның әр жылдары шыққан кітаптары оқырмандарының ыстық ықыласына бөленуде. Өйткені, автордың жазып жүрген негізгі тақырыбы – елдік, мемлекеттік мүдде. Байырғы қазақ халқы қоныстанған тарихи мекені, кеңес үкіметі кезінде негізсіз көрші мемлекеттің территориясына тиесілі боп қалған Мырзашөл туралы «Мырзашөл көктемі», «Біз – Мырзашөлденбіз», «Мырзашөлден түлеп ұшқан жастар едік» атты кітаптары – сол тарихи әділетсіздікті әшкерелейтін, жұрттың өзегін өртеген өкініші мен өксігінен туған туындылар. Ал «Ой иірімдері», «Ой өрнектері» сияқты ой толғамдарынан тұратын жинақтары – кемеліне келген азаматтың өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені, оқыған-тоқығаны, мол тәжірибесінің жемісі. Кезекті кітаптары «Кәттақорған қазақтары», «Тәжікстан қазақтары» – өзге елдегі отандастарымыз, қандастарымыз туралы, олардың өмірі, тыныс-тіршілігі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы жайындағы этнографиялық еңбектер. Сондай-ақ ұзақ жылғы жиған-терген деректерінен түзілген «Шоғы Батыр ұрпақтарының шежіресі» (5 том) атты кітаптары – тек ата-баба, әке мен бала есімдерінің тізбегі емес, ел тарихын, ұлттық дәстүрлерімізді қамтитын деректі тарихи-танымдық еңбектер. Жуырда балалар өнер мектебіне арналған «Ақжелең» атты ән-күй жинағын баспаға ұсынған.
Мәдениет майталманы, өз ортасы мен ағайын арасында абыройлы азамат Жұмахансері аға – әулеті мен отбасының да тірегі. Зайыбы Жұмабикемен төрт перзент өсіріп, екі ұл, екі қызынан оншақты немере, жиен сүйіп, тәрбиелеп келеді.
Ханым ҚУАТ