Облыс орталығындағы «Нұрплаза» қонақ үйінде қазақтың ұлттық киімдерінен өткен сән көрсетілімінде маңғыстаулық сәнгер Тәрбия Айдымбаева 20 жылғы еңбегінің жемісімен көпшілікті таныстырды. Сондай-ақ кеште облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасымен бірлескен жобасы «Тәрбияның тәлімі» реалити шоуының қорытындысын шығарып, үздіктерді анықтады. Жалпы жобаға тігінге икемі бар 40 үміткер қатысқан болатын.
- Іріктеуден өткен үміткерлеріміз бар өнерін салып, ақтық сынға дайындалып, ұлттық киімдерін тігіп әкелді. Олардың өнерін Алматыдан арнайы келген менің ұстазым Гүлнара Ниязбекқызы бастаған қазылар алқасы бағалады. Қазылардың шешімімен ақтық сынға өткен алты үміткердің ішінен Айша Исмағұлова атты аруымыз Тараз қаласына тігіншілікке оқуға берілген жолдаманы ұтып алды. Жалпы барлық қатысушылар үш ай бойы тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп, білімдерін жетілдірді. Мен тігінші ретінде «Ең әдемі киім-өз ұлтымың киімі» деген қағиданы ұстанатын жанмын. Менен дәріс алған болашақ тігіншілерді де осыған бауладым, - дейді маңғыстаулық сәнгер Тәрбия Айдымбаева.
Аймақта ұлттық киімнің дамуына үлес қосып жүрген белгілі сәнгер, тігінші Тәрбия Айдымбаеваның есімі маңғыстаулықтарға жақсы таныс. Жіп пен инені жанына серік еткен, он саусағынан өнер тамған шебер 20 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп, жергілікті қыз-келіншектерді жұмыспен де қамтып отыр. «Ана көрген тон пішер» демекші, Тәрбияға тігіншілік өнер ананың сүтімен дарыған. Анасы Тұрша жасы алпыстан асса да, қолынан ине мен жібін тастамай қызына көмектесіп, қолөнердің дамуына әлі де өз үлесін қосып келеді. Қазақ халқының қолөнерін, бай мұраларын жинап, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды сақтап қалу және дамытуды мақсат тұтқан Тәрбия Айдымбаева көптеген ұлттық киімдерімізді жан-жақты зерттеп, жаңа заман талабына сай жаңартты. Осылайша, тігін тігу саласында өзіндік қолтаңба қалдырды. Ол тігіншіліктен бөлек, мұражай жәдігерлерін қалпына келтірумен, үйдің интерьерін биік талғаммен жабдықтаумен де айналысады.
- Күн санап қазақтың ұлттық киімдеріне деген сұраныс артып келеді. Мен кәсібімді енді бастаған жылдары ұлттық киімдер тек ғана сахна өнерпаздарына арналып тігіліп немесе наурыз мерекелерінде киілетін болса, қазіргі таңда қыз ұзату тойына киетін киімдерге сұраныс жоғары. Әр түрлі мерекелік кештердің де сәнін ұлттық киімдеріміз келтіріп жүр. Соңғы кездері тек маңғыстаулықтар ғана емес, еліміздің өзге де өңірінен ұлттық киімдерімізді іздеп келіп, сатып алып жататын жандар көп кездеседі. Сол себептен де қазір отандық нарықты өз тауарларымызбен толтыруға да толық мүмкіндік бар. Тек ерінбей еңбек етіп, көп ізденуіміз керек, - дейді Тәрбия Айдымбаева.
Тәрбияның қолынан шыққан дүниелер Ресей, Корея, Болгария, Македония, Түркия, Монголия мемлекеттерінде өткен халықаралық көрмелерге қойылып, жоғары баға алды. Кәсіби сәнгердің ендігі мақсаты-жаңа топтамамен елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысып, шет елдік қонақтарды да таңқалдыру. Ол үшін Тәрбия қаракөл терісін өңдеумен айналысатын жергілікті «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің азаматтармен келісім-шартқа отырып, өңірде теріден оюланып жасалған сырт киімдер мен тон, қол сөмкелер жасауды қолға алды. Күні-түні тынбай еңбектеніп, «Қазақстанда жасалған» брендімен кәсіпкерлікке жаңа леп алып келді.
- Сенекте қаракөл терісін өңдеумен айналысып жүрген азаматтармен жақын танысып, келісім-шарт жасадым. Олар бізге теріні уақытында тапсырып отырады, біз содан қажетті өнімді шығарамыз. Өлкемізде дайындалатын теріден оюланған сырт киімдерді, тон, қол сөмкелерді «Қазақстанда жасалған» деген маркамен шығаруды қолға алдық. Мұндай жаңашылдық біздің елімізде әлі қолданысқа ене қойған жоқ. Осы өніміміздің бірнеше нұсқасын ЭКСПО-2017-ге дейін шығару жоспарымызда бар, - дейді Тәрбия Айдымбаева.
Кеште таныстырылған қазақы ою-өрнекпен ұлттық нақышта тігілген заманауи киімдер мен әшекейлер көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш барысында қонақтар ұтыс ойынына қатысып, бағы жанғандар бағалы сыйлықтар-ұлттық киімдерге ие болды.
- Ұтыс ойынынан жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Кешке билетті апам берген еді. Енді міне, әдемі, ұлттық нақышта тігілген камзолдың иесі атанып отырмын. Осындай кештер қаламызда жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегім бар, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әсел.
Кеште республикаға белгілі дәстүрлі әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова, Шәмші Қалдаяқов атындағы байқаудың бас жүлдегері Асанәлі Көшеров, белгілі әнші Жоламан Көшкінов, республикалық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Шахаризада Сапарова, «Жас қанат-2013» республикалық байқауының бас жүлдегері Аида Байгелова әуелете ән шырқаса, халықтық «Жорға» би ансамблі кешті әдемі бимен әрледі. Сонымен бірге облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры әртістері «Ант» спектаклінен үзінді сахналады.
- Жаныңда сені әрдайым қолдап, қолпаштайтын жанашыр жандардың болғаны жақсы. Олар-отбасың, достарың, жұмыстағы серіктестерің. Сондықтан да мен әрдайым қолдау көрсететін жанымдағы азаматыма, анама, достарыма алғысымды айтқым келеді. Қолдау көрсетіп, бүгінгі сұлулық пен сымбаттылық кешінің төрінен табыла білген менің жанашырларыма ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жаңа топтамаларымызбен көпшіліктің көңілінен шығуға тырыстық. Үлкен жобаның қорытындысын жасап, үздікті анықтадық. Алдағы уақытта да «Қазақстанда жасалған» дейтін отандық өнімдерді шығарып, кәсіпкерлігімді одан әрі дамыту бағытында еңбектенетін боламыз, - дейді Тәрбия Айдымбаева.
Ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүрге сыйластық танытқан, кәсібін ұршықша иірген Тәрбия Өсерқызы әр жылдары бірнеше алғысхаттар мен құрмет граммоталарымен марапатталды. Іскер әйел отбасында аяулы жар, асыл ана.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ