Көзі қарақты, құлағы түрік оқырман біліп те болған шығар – Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі бойынша толық метражды көркем фильм түсірілетін болды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы фильмді түсіруге дайындықты бастап та кетті. Режиссері – Жәнібек Жетіруов. Ал, басты рольді белгілі актер Алдаш Шалбаев ойнайды деп күтіліп отыр. Желтоқсан айының ортасына таман түсіру тобы Түпқарағанда болып кетті. Осы сапары барысында біз киношылармен кездесіп, сұхбаттасудың сәтін таптық.
Әңгіме басында бір сұрақты амалсыз қойдым. «Сіз осы Жаңабексіз бе, әлде, Жәнібексіз бе? Көбіне атыңызды Жаңабек деп жазады» дегенде, ол: «Жәнібекпін. Орыс тілділер алдымен Жанибек деп, артынан Жанабек деп жіберген ғой» деп күлді. Жалпы, Қызылорда облысының, Қазалы өңірінің тумасы екен. Ашық, қарапайым, сонымен қоса тікмінезділігі мен өжеттігі де байқалып тұратын Жәнібекпен әңгімеміз әзіл-қалжыңмен араласа отырып, ет пісірім уақытқа созылыпты.
Жәнібек – Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін филолог ретінде бітіріп, 1993-жылы Мәскеуде 2 жылдық сценарлық-режиссерлік оқуды аяқтағаннан кейін біржола кино әлеміне бет бұрыпты. Содан бері 30-дан астам деректі фильмдердің сценарий авторы және режиссері болыпты. Солардың ішінде «Минус Ре», «Телқара», «Қазақстан тарихына саяхат», «Атамекен», «Сырмен сырласу», «Махамбет», «Кенесары», «Желтоқсан алауы», «Болашаққа бастайтын жол» атты көрермендер мен сыншылардың өте жоғары бағасын алған туындылар бар. Әбіш Кекілбаевтың өміріне арналған «Самғау» деген деректі фильмі де шоқтығы биік шығармалар қатарында болды. Жәнібек сонымен қатар «Аққыз», «Дүниежарық» атты көркем фильмдердің де авторы. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі.
Бұл сапардың мақсаты – алдымен, кино түсірілетін жерді табу. Қарағия ойын, Үстірт шыңдарын Жәнібек бұрын да көріпті. Енді Түпқараған төңірегін барлап көруге келген екен. Сонау өткен ғасырдың басындағы жылдардың атмосферасын беру үшін сол жылдарға лайық көрініс те болуы керек. «Электр бағаналары, сымдары жоқ, ескі ауыл керек еді. Қараған жерін көріп, осы жер лайық-ау деген ой келіп отыр. Әрине, нақты осы жерде түсіреміз деген ақырғы тоқтам әзір жоқ. Тағы біраз жерге барып көреміз» - дейді Жәнібек.
Тек ескілікті үйлері бар ауыл ғана емес, басқа да табиғаты ерекше жерлер керек дегесін, мен Таушық төңірегіндегі Қапының сайын көруге кеңес бердім. Қапан сайын, Шақпақ ата айналасын, Сартасты барып көріпті. Форттың айналасын да барлап шыққан.
— Негізінде, бізге теңізге төніп тұрған жартас, сол жартасты жарып шығып теңізге құйылып жатқан бұлақ керек еді. Оны таппай отырмыз, -деді ол. Кәдімгі ескі құдық та керек дейді, мен Мереттің сайындағы құдықты айттым. Оны да ертесіне барып көретін болды. Әттең, уақыттары тығыз, ертесіне Мерет пен Қапы жақты бір шолып шығып, әрі қарай Ақтауға қайтып, Алматыға ұшатын болып отыр екен. Қасына осы жақтың ой-қырын жақсы білетін қолы бос адам қапелімде таба алмадық.
Негізгі түсіру жұмыстары келер көктемде басталмақ. Актерлер құрамы да сол кезге таман анықталады. Әзірге тек Алдаш Шалбаев қана бас рольге лайық делініп отыр.
— Бұл – 100 пайыз анық нәрсе емес. Менің білетінім – Жәкең өте талапшыл, талғамшыл, әрбір ұсақ-түйектің өзіне де шығармашылық тұрғысынан қарайтын кісі. Бұл кісінің көңілінен шыға алсам – жарағаным, — деп Алдаш жымиып отыр.
[caption id="attachment_16761" align="aligncenter" width="640"] Алдаш Шалбаев[/caption]Алдаш Шалбаев – Талдықорған төңірегінің баласы, бүгінде танымал актер. Әбіш аға шығармаларына бұрын да қатысы болған – «Кек» фильмінде басты рольді ойнады. Одан басқа – «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде Қонаевтың ролін сомдаған, «Анаға барар жолда» обком хатшысы болған, «Көшпенділер», «Тағдыр», «Шлагбаум», «Біржан сал», «Дүниежарық», «Қасқырлар қағидасы», «Аманат», «Пара», «Жаушы», «Ермак», «Александр Невский», «Қазақи оқиға», «Астана – менің жүрегім» фильмдерінде басты не негізгі ролдердің бірін шығарған. Бұл жолы ол құдықшы Еңсеп бейнесін шығаруға дайындалуда.
— Маңғыстауға бұрын «Кек» фильмін түсірген кезде келдім. Сол кезде осыншама табиғаты қатал аймақтың адамдары да өзгеше, бітімі кесек, мінезі қиын, өжет те намысқой болатынын ұққанмын. Енді Еңсеп болу үшін әр жерге барып, сол жерлердің тау-тасынан Еңсеп бейнесін іздеп жүрмін, -деді Алдекең.
— Жақында Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Құнанбай» фильмін түсірген Ибрагимов Ысқақ деген азамат «Шыңырауды» да түсіруге келісіп отыр. Актерлер құрамына келетін болсақ, шақырып отырған, көздеп отырған адамдар бар. Бірақ әлі де керек болады. Маңғыстаулықтар арасынан да іздейтін боламыз,-деп сөз қосты Жәнібек.
Жәнібектің арманы – Әбіш Кекілбаев қаламынан шыққан «Шыңырау» қандай терең мағыналы, кесек, ұлы шығарма болса, сондай фильм түсіру. Сценарий авторы да өзі. «Мені Әбіш әлемі қызықтырады, тұңғиықтай тартады. Ол – бір тылсым әлем. Сол тылсымды түсінгім келеді, -дейді Жәнібек. -Повестің желісін өзгерткен жоқпын десем де болады. Әдеби туындыны экранға шығаруға қажетті деген аздаған ғана сарындар қостым. Прозада сезім мен табиғатты сипаттап, суреттеп беруге болады. Ал кинода оны іс-әрекеттер мен оқиғалар арқылы жеткізу керек». Осының алдында ғана Теріс жағаны аралап, түнделетіп зорға жетіп, енді ғана ентігін басып, асын ішіп отырған кино тобының жүздерінен шаршағандық көрініп тұр. Өкінішке орай, сапарының нәтижесіне көңілі толмаған екен. «Кеше де біраз жерді көріп, қараңғы түсе келдік. Келе бізге бөлінген мына «Ақсұңқар» деген қонаүйді таба алмай, екі сағат жүрдік. Ешкім білмейді. Сөйтсек, біз Баутинде жүр екенбіз. Біз Фортқа келген сияқты едік, мына Баутин дегенге қалай тап болдық деп, таң-тамаша қалдық. Бізді басшылар не олардың өкілдері күтіп алады, телефондарыңды береміз деп еді Ақтаудағылар. Күтіп алған да, бізді келді ме, жоқ па деп іздеген де ешкім болмады. «Апырай, бізді қойшы, тым болмаса Әбіш ағаның рухы үшін, Әбіш ағаның рухын өлтірмейміз деп қияннан келіп жүрген бізге азғана сыйластық үшін бір хабарласпады-ау» деп қатты налыдық. Ақыры, таптық «Ақсұңқарды». Енді айналаны білетін, жер танитын, бір жолбасшы қосар ма екен деп, мана күндіз көмекшім Ертайды әкімдікке жіберіп едік, онша ықыласты болмапты, әлде, бір алаңдатып жүрген жайлары бар сияқты болды ма... – деп Жәнібек ренішін жасырмай айтты.Не аты жазылмаған, не айдары қағылмаған мына ғимаратты «Ақсұңқар» деген қонақүй дегенде мен де таңғалған едім. «Естімеген елде көп» деген осы-ау.
Қайтеміз, бізден кемшілік кеткен болар. Аманшылық болса, көктемде келгенде орнын толтырармыз-ау. Біз үшін Әбіш ағаның орны бөлек болса, оның туындыларын экранға шығарып, жастарға танытамыз деп жүрген сіздердің де орындарың осал емес. Түпқарағандықтардың шын ықыласы мен дос пейілін, көмегі мен қолдауын әлі де көретін боласыздар, деп сол күні Маңғыстау мен маңғыстаулықтарды айдай әлемге танытқан, аядай ауылдан шығып ғаламдық дәрежедегі ұлы жазушы атанған Әбіш ағаға деген, оның шығармаларына деген махаббаты жетелеп, қыстың көзі қырауда қасқырдай жол қарап, кең даланы кезіп, қажыса да қайратын шақырып, қанаттарын қомдап отырған киношылармен қош айтыстық.
Айсағали ҚЫДЫР