©
Астанада бүгін күн ерекше. Олай дейтініміз, бір топ маңғыстаулықтар бас қалаға Республикалық жастар Форумына қатысу үшін аттанған болатын. Әр облыстан келген белсенді жастар «Думан» қонақүйінде форумның алғашқы күнін өткізді. Бұл шара үшін арнайы Маңғыстаудан Аманғали Нұрдәулетов, Аида Байгелова, Тимур Бектұр, Ерғали Әнесов, Бердібек Құлғараев бастаған 24 белсенді азаматтар келген болатын.
Аталған шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты.
Форумның алғашқы күні боулинг, үстел теннисі, тимбилдинг секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Облыс бойынша конкурсқа түскен жастар алғашқы күннен-ақ ерекше шабыт пен күш-жігер алып қайтты. «Намыстан қолдан берме» деген қазақ. Өз өңірі үшін намысқа тырысқан жастар әр ойыннан соң, қол берісіп амандасып, тіпті, танысып жатты.
Бұл спорттық шаралардан маңғыстаулықтар да қалыс қалған жоқ. Боулингтің бірінші ойынынан-ақ, Орал жастарын жеңген жерлестеріміз үстел теннисі ойынында да қарап қалмады. Жарыс аяқталғаннан кейін өзге өңірдің өнер иелерімен қоса «Қазақстан дауысы» сайысының финалисі, әнші Бердібек Құлғараев ән шырқады.
Айта кетейік, Астанада Республикалық жастар форумы өтуде. Кездесуге делегаттардың ішінен 2016 жылдың басынан бастап Қазақстаннның облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында сайланып алынған белсенді, шығармашыл, жұмысшы, ғалым жастар мен республикалық жастар ұйымдары мен Қазақстанның барлық өңірлерінен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас делагаттар 29 қараша – 1 желтоқсан күндері өтетін үлкен көлемдегі бағдарламаларға қатысатын болады.
Форумның бағыты - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл ішінде жастар мен жастар саясатының жеткен жетістіктерін көрсету, қазақстандық жастардың «Қазақстан - 2050» стратегиясының міндеттеріне жету жолында жұмылдыру, Мәңгілік Ел құндылықтары аясында жастарды біріктіру.
Айгүл ДӘДЕН