©
Жуырда қала әкімдігінің конференц-залында «Славян базары» Халықаралық фестивалі аясында өткен «Витебск-2015» балалар музыкалық байқауының Гран-при иегері Луиза Нұрқуатованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Биылғы «Витебск-2015» дәстүрлі балалар байқауына 17 мемлекеттен 20 жас өнерпаз қатысты. Он жасар Луиза «Ертегілер» вокал тобының мүшесі. Тәлімгері – «Радуга» балалар шығармашылығы студиясы жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ольга Хныкина.
Жанары жайнап, жүзі бал-бұл жанған балауса қыздың бақытында шек жоқ. Табиғи дарын, таңғажайып талант талайды тамсандырды. Балғын бүлдіршін бас жүлдені еншілеп, ел мәртебесін көкке көтерді.
– Іріктеуден іркілмей өтіп, үздіктер легіне ілігу оңай емес. Тума талант, қарым-қабілетпен қоса толағай табыс, кәсіби тәжірибе ескеріледі. Луиза барлық талап үдесінен шыға білді. Байрақты бәсекелерде бой көрсетіп, бас бәйгені иемденіп жүр. «Музыкальный вояж» балалар ән байқауының Гран-при иегері, «Бозторғай»,«Алтын микрофон» сынды халықаралық сайыстардың жүлдегері. Сонымен қатар, «Аялаған Астана» Республикалық ән байқауында трио құрамында ән салып, 2-орынды иемденді, - дейді О.Хныкина.
Бал қылықты балауса қыз асқақ үні, әуезді әуені, әсерлі әнімен баурайды. Сүйкімді келбеті, көз тартар көркі тағы бар. Сахна төрінде бақ бұлбұлындай сайрайды. Өн бойындағы өнерін ортаға салып, тыңдарман жүрегіне жол табады. Жатсыну, қысылып-қымсынуды білмейді. Сезімі сергек, қиялы ұшқыр, сенімі нық балғын қыз халықаралық әділқазылар көзіне лезде ілігеді.
– Осы орайда өз тәжірибеммен бөліссем.Маған «Жас толқын» халықаралық байқауында болу бұйырды. «Жас толқын» жанр жағынан шоу-қойылымға келіңкірейді. Қос байқауда қойылатын талаптар мүлдем бөлек. «Славян базары» халықаралық фестиваліне қатысушының вокалдық қарым-қабілетіне аса назар аударылады. Жас жұлдыздар өте талантты. Амбициясы мол. Бірінен – бірі өткен. Әрине, Луиза үміткерлердің ең үздігі еді, - дейді тәлімгер.
Өнері биік, болмысы ерек, жауқазындай жас қазақ қызы қос әнді қалықтатып, көрермен қиялын көкке шарықтатады. Әсіресе, әуелеген «Ризамын» әні дүйім жұрт делебесін қоздырады. «Feeling good» әнін орындап, қалың тыңдарман қошеметіне бөленеді. Думанды додада топ жарып, конкурс жүлдесі «Лира»-ға қол жеткізеді.
– Әділқазылар қатарында әйгілі эстрада әншілері, халық әртістері бар. Ресейден Дмитрий Маликов, Қазақстаннан Әлішер Каримов, Украинадан Оксана Пекун, Грузиядан Анри Джохадзе байқауға төрелік етті. Луизаның табиғи талантымен сүйкімді бейнесіне, өнеріне сүйсінген Дмитрий Маликов таңданысын жасырмады, - деген О.Хныкина Ресей эстрада жұлдыздарының оң пікірін жеткізді.
Мерейлі жеңіс жеңіл жолмен келген жоқ. Луиза үздіксіз дайындық, зор еңбек, табанды төзім мен шығармашылық ізденістің мәуелі жемісін көрді. Абай атындағы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы жас талантқа жан-жақты қолдау танытты. Саз әуеніне сай би қимылдарын үйрету, үн ырғағын, дауыс тембірін қалыпқа келтіру, талғамы биік таңғажайып бейне қалыптастыру зор жауапкершілік еді.
– Вокал ұстазы Н.Медербековаға, актерлік шеберлікке баулыған О.Черкашинаға, конкурстық нөмірлердің қойылымын қойған «Жорға» би ансамблінің жетекшісі С.Сариевке зор алғыс айтамын.«Біріге көтерген жүк жеңіл». Ортақ жеңіс – ортақ жеміс, - дейді ұстаз.
Жеңіс ел мерейін асырды. Құттықтаулар да толастамады. Бүкіл ел олжалы оралған отандасын мақтан тұтатындарын жеткізді.
Луиза 8 жасынан ән айтумен айналысады. Өнерге баулып, ән әлеміне жетектеп алып келген анасы екен. Зерек, зерделі, алғыр бүлдіршін «поп-музыка патшасы» Майкл Джексонды жаны сүйеді. Жеңіс туын желбіреткен өнерлі өрен ішкі ой толғанысымен бөлісті.
– Витебсктегі мерейлі жеңіс мен үшін тосын сый. Өте қуаныштымын. Ел үмітін ақтадым. Алда бұдан да биік белестер бар. Кәсіби біліктілігімді жетілдіріп, жаңа табысқа жетуді көздеймін, - деген кішкене қыздың таудай талабына тәнті болыстық.
Жаңа қала, жаңа достар, қызығы мол саяхат Луизаға ерекше әсер етті. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Фестивальде саған бастысы не ұнады?» деген сауалға Луиза күлімсіреп «Жаңбыр» деген болатын. Себебін сұрастырғанда:
– Дәстүрлі халықаралық фестиваль жыл сайын маусым айында өтеді. Осы кезде Витебск қаласында жаңбыр жауады. Мен үшін бұл құбылыс жақсылық нышанындай, - деген еді.
Луизаның анасы Гүлбаршын арманы асқақ ақжарқын қызына әрдайым қамқор. Сөзін жерге тастамайды. Бал қылықты балауса әншінің болашағынан үміті зор.
Биылғы оқу жылынан бастап Луиза дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына ауысады. Демек, оқу жүктемесі артады. Ән салуды сабақпен қатар алу қиынға соғары хақ. Дегенмен, күш-жігері мол кішкене қызға бұл тосқауыл емес. Өрімдей өрен өнер биігіне өрлей бермек.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ