Маңғыстау облысының Астанадағы күндері аясында М.Горький атындағы орыс драма театрында аймағымыздың Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының әртістері өнер көрсетті. Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармасы желісімен сахналанған «Абылай хан» қойылымы ұсынылды.
Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Нұрнияз Мұхановтың айтуынша, театр режиссері Гүлсина Мерғалиеваның бұл батыл қойылымы сәтті шыққан. Жерлес жазушымыздың сахналанған туындысы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр.
– Әбіш Кекілбаевтай дарын иесі шығармасының мәтінін еш өзгерткен жоқпыз. Автордың көсем сөздерге бай тілін көрерменге сол күйінше жеткізуге тырыстық. Бүгінде сахна тілі жоғалып бара жатқандықтан, осы мәселеге назар аудардық. Көрермен сол дәуірдегі қазақ тілінің ерекшелігіне тәнті болады. Тек қойылымды жаңашыл бағытқа бұрдық. Бағасын патша көңіл көрермен береді деп сенеміз,-дейді Гүлсина Мерғалиева.
Қойылым басталған сәттен-ақ көрерменді баурай түседі. Мұнда 18-ші ғасырды бейнелейтін декорация жоқтың қасы. Шығарма кейіпкерлерінің бәрі де қазіргі заманға сай киінген, іс-қимыл да бүгінгі кезде өтіп жатқандай. Спектакль басталмас бұрын көршілес мемлекеттердің танымал саясаткерлерінің қазақ халқында 1991 жылға дейін мемлекет болған жоқ деген пікірлері беріледі. Содан соң ҚР Ұлттық мұражайында өтіп жатқан халықаралық жиыннан үзінді көрсетіледі. Онда қазақстандық ғалымдар мен тарихшылар қазақ халқының өткені мен бүгінін талқылап жатады.
Режиссер жаңа қойылымды «Бұл көзбен көрмей, сөзбен жеткізуге болмайтын деректі драма» деп атады. Астаналық көрермендер өз кейіпкерлерін барынша сомдап шыққан Медғат Өмірәлиев, Еркебұлан Бекен, Айдос Иманқұловтардың шеберлігіне тәнті болып, ризашылықпен ұзақ қол соқты. Бір ерекшелігі, спектакльде тек ер әртістер ойнайды. «Абылай ханның қазақ тарихындағы дипломатиялық іс жүргізуі қазіргі заманда еліміздің басқа мемлекеттермен геосаяси қатынасында қолданылып отыр», - дейді Г.Мерғалиева.
– Қойылым қатты ұнады. Ол ел тарихын ешқашан ұмытпау керектігін еске салады. Туындының көтерер жүгі жеңіл емес. Маңғыстаулық театрдың өнерін тамашалағаныма қуаныштымын. Бұл қойылымның сахналық ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын,-дейді ресейлік Меруерт Жүнісова.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ғабит Тұрдыұлы бұл қойылымды жас ұрпақ өкілдері міндетті түрде көрулері керек деп санайды.
– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту мақсатында елімізде көптеген мәдени-әдеби шаралар өтіп жатыр. Соның бірі айғағы – бүгінгі тарихи тақырыптағы спектакль. Елордада тұрып, Маңғыстау театрының өнерін тамашалағаныма ризамын. Қойылым көңілімнен шықты,- деді Ғабит Тұрдыұлы.
Қойылым тұсаукесеріне автор, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, әйгілі спортшы Әмин Тұяқов пен маңғыстаулық депутаттар қатысты. Сондай-ақ, халықаралық «Сахнадан сәлем» театр фестивалінің қазылар алқасы да залдан орын алды. Еске сала кетерлік жайт, 22 маусымда Астанада Ресей, Грузия және Қазақстан театрларының өнері сынға түсетін халықаралық фестиваль басталған болатын.
Анар Шамшадинова