Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, 1995 жылы 30 тамызындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылаудың халық үшін маңызы зор. Ата Заңымыз тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, бетке алған бағдарымызды айқындап отырды. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Қазақстан әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.
Егемендігінің төртінші жылында қабылданған Ата Заң еліміздің болашағын демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп сипаттаған еді. Одан бері республикамыз талай-талай асулардан өтіп, әлемдік өркениет төрінен өз орнын алды.
«Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төл құжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаматтығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары»,-деген Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат.
Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
Жасұлан САЛИЕВ, аудандық сот төрағасы