Маңғыстау облысында тіркелмеген қару-жарақты, мылтық оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу науқаны жалғасуда. Аталған шараға республикалық бюджеттен 3 млн 838 мың теңге бөлінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды сатып алу науқаны 10 сәуірде басталған еді. Екі күн ішінде облыстық Полиция департаменті алты азаматтан қару-жарақ алды. Олар ерікті түрде 7 атыс қаруын тапсырған. Екеуі иір ойықты қару болса, бесеуі тегіс ұңғылы қару екен. Қару барлық полиция бөлімшесінде қабылданады. Айта кетейік, ерікті түрде тапсырылған әр қару үшін 10-нан 100-ге дейінгі айлық АЕК мөлшерінде қаражат төленеді. "Иір ойық автоматтық атыс қаруын ерікті түрде берген азаматқа 252 500 теңге берілсе, ал ұзын ұңғылы иір ойықты атыс қаруын (винтовка, карабин) тапсырғандарға 126 250 теңгеге дейін қаржы төленеді. Сонымен қатар қысқа иір ойықты қаруларға (тапанша немесе револьвер) 101 000 теңгеге дейін төленеді", - деді МО Полиция департаментіндегілер. Тегіс ұңғылы атыс қаруына 75 750 теңге көлемінде қаржы берілсе, жарақат салатын тапанша мен револьерге 25 550 теңгеге сатып алынады. Сондай-ақ әрбір граната, мина, ату құрылғысы мен артиллериялық снаряд үшін 17 675 теңге, жарылғыш заттың әрбір 1000 грамы үшін 15 150 теңге беріледі. Ал иір ойықты қаруға 5,6 мм жоғары калибрлі әрбір оққа 7214 теңге төленсе, иір ойықты (кіші калибрлі) қаруға 5,6 мм калибрлі әрбір оққа 2196 теңге берілетінін айтады Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Айта кетейік, тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Осы ретте Маңғыстау облыстық полиция департаменті әрбір тұрғынға заңсыз сақталған қару-жарақты тапсыруға кеңес береді. Толық ақпаратты Ақтау қалалық полиция басқармасынан (Ақтау қаласы 23 шағынаудан), Көші-қон орталығынан (Ақтау қаласы 21 шағынаудан) немесе 47-45-69 жəне 47-48-02 телефондарынан біле аласыз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА