2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 30 тарауы көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға арналған. Тұтастай бір тарауды қамтыған 559-635 баптар аралығында осы салада жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды белгілеп, соған сай қолданылатын жазалар дәйектелген. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, құқық бұзушының жеке басы, кінәсінің жеке басы, кінәсінің дәрежесі, мүліктік жағдайы, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән жайлар ескеріледі.
Енді осы кодекс бойынша жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін қандай жаза қолданылатынына тоқтала кетейік. Бұл жауапкершілік аталған кодекстің 608-бабында көзделген және бұл бап сегіз бөліктен тұрады. Нақтырақ айтқанда, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құрылн масаң күйдегі адамның басқаруына беруі көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғады. Ал.осы баптың бірінші бөлігінде көзделгендей, мас күйде рульге отырып авариялық жағдай туғызу фактісі тіркелсе, құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан төрт жылға айырылады. Сол сияқты жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан жағдайда көлік құралын басқару құқығынан бес жылға айыру жазасы қолданылады. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктеріне сай, әкімшілік жаза иерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Сондай-ақ, дәл осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса төртінші бөлігінде көзделген әрекеттер-отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қолданылады. Егер көлікті көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар басқарғаны анықталса, ол жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Ал, алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталап жасалса отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Соңғысы, осы баптың алтыншы және төртінші бөліктерінде көзделген, осы кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Сөзіміз дәйекті және дәлелді болу үшін осы баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар бойынша мысалдар келтіре кетейік. Мысалы, Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының тұрғыны 2015 жылы «Фольсваген Гольф», мемлекеттік нөмірі 611 LKA 05 автокөлігін мас күйінде басқарып, Ұзынағаш-Бесмойнақ тас жолымен шығыс бағытта келе жатып рульге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кетіп,»Тойота Карина», мемлекеттік белгісі B 832 BYO автокөлігімен соқтығысып жол апатын жасаған. Осы үшін жүргізуші Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ӘҚБтК-ң 608-бабының 3-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық жасаған деп танылып, 5 (бес) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.
Алматы облысы Қарасай ауданы Жалпақсай ауылының тұрғыны Қарасай мамандырылған ауданаралық әкімшілілк сотының қаулысымен арақ ішіп көлік басқарғаны үшін 2 (екі) жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айрылған болатын. Жазасын толық өтеп, екі жылдан кейін көлік басқаруға құқық беретін куәлігін алғаннан кейін, алдаңғы әрекетін бір жыл ішінде қайталап, Алматы-Бішкек тас жолымен батыс бағытта келе жатып жол патрульдік тобына ұсталған. Сөйтіп, ол Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ӘҚБтК-ң 608-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, осы баппен 6 (алты) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру және он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы толық орындалды.
Айта берсек, мұндай дәлелдер толып жатыр және әкімшілік соттың бір судьясы бір тоқсанда шамамен 20-30 осындай әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қарайтын болса, төрт судья үш аудан бойынша 100-120-дай іс қарайды. Сонда жылына қаншама іс қаралатыны санамаса да белгілі болып отыр. Осы мақала газет бетіне шыққыннан кейін әрбір көлік жүргізуші оны оқи отырып, тиісті нәтиже шығарар деген үміттеміз.
Гүлмира СҮЙЕУОВА, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы