Елдің игілігі үшін қызмет етіп, соттағы соңғы жаңалықтарды көпшілікке дер кезінде жеткізіп, азаматтардың сот билігіне деген сенімі мен оң көзқарасын қалыптастыруға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдері сот пен халық арасындағы «алтын көпір» деуге болады. Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында БАҚ өкілдерімен өзара тығыз байланыс орнату – үшінші биліктің негізгі басымдықтарының бірі.
Осы орайда Маңғыстау облыстық сотының төраға м.а. Нұрсапа Примашев пен облыстық сот судьясы, БАҚ-пен байланыс жөніндегі үйлестіруші судья Айжан Молбаева 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында өңірдегі БАҚ басшыларымен және өкілдерімен жүздесті. Кездесуде сөз алған Н.Примашев: «Сот пен БАҚ әртүрлі функцияларды атқарғанымен, бір әлеуметтік ортада, демократиялық мемлекетте бір құқықтық міндетті орындап, қоғамдық мүддеге қызмет етіп келеді. Сот органдарының ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету мәселесінде БАҚ-тың халықпен дәнекер болуы өте маңызды», – деді. Сондай-ақ ол Елбасы тапсырмаларын іске асыру мақсатында сот жүйесін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жемісті жұмыстар туралы баяндады. Осы ретте сот жүйесін жетілдірудің 7 басым бағыттары бойынша облыстық сотта арнайы жұмыс тобы құрылғандығын, оның ішінде үлгілі сот пен мінсіз судья қалыптастыру, татуластыру орталығын құру, соттарды цифрландыруды жетілдіру секілді жаңа бастамаларды атап өтті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Елу жылда — ел жаңаБұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі маңыздылығына ерекше тоқталған судья А.Молбаева соттардың осы бағытта атқарған жұмыстарына ерекше тоқталып, сындарлы байланыс орнатқан БАҚ өкілдеріне ыстық ықыласын білдірді. Өз кезегінде журналистер сот билігі туралы көзқарастары мен пікірлерін ортаға салып, ұсыныстары мен сұрақтарын да қойды. Жиын барысында судьялар қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, сот жүйесіндегі жаңалықтар мен құқықтық-танымдық ақпараттардың уақытылы оқырманға жетуін қамтамасыз етіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға қосқан зор үлестері үшін алғыс білдіріп, оларға естелік сыйлықтар табыстады.
Аталған іс-шара аудандық және оған теңестірілген соттарда жалғасын тауып, шалғайдағы БАҚ өкілдері де марапатталды.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН