©
Ақтаулық кәсіпкер есірткі және психотроптық заттарды заңсыз жарнамалағаны үшін айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
2018 жылдың 25-28 маусым аралығында «Допинг» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сауда орындарына тексеру жүрген. Құзырлы органдар бутиктердің сөрелерінен қарасора жапырақтарының (листья конопля) суреті бар бас киімдер тауып, тәркілеген.
Аталмыш факт ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 423-бабына сәйкес келеді. Бұл бап бойынша психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалағаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (360 750 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК(721 500теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК(1 202 500теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл іс Ақтау қалалық ІІБ-нде тіркелді. Қазір аталған істің құрамында «есірткі заттарын насихаттау және заңсыз жарнамалау» әкімшілік құқық бұзушылық әрекетінің белгілерінің бар-жоқтығы қаралуда. Полицейлер материалдың әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілетіндігін атап өтті.
«Республикамызда бұл жағдай тіркеліп отыр, Маңғыстау облысында алғаш рет кездесіп отыр», - деді Маңғыстау облысы ІІД Ескірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Камиль Будайчиев.
Енді бізді бір ғана сұрақ толғандырады. Құқық қорғаушылар сауда орындарында тыйым салынған суреттері бар бас киімдерді тәркілеп алды. Ал бұғанға дейін сатылған бас киімдерді кию қаншалықты заңды? Әзірге бұл сұрақ жауапсыз. Дегенмен К.Будайчиев «Заңды білмеу жазаны жеңілдетпейтінін» айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді МО ІІД баспасөз қызметі ұсынды