Бүгінде банкке немесе тұрмыстық техника сататын дүкендерге, автосалондарға бас сұға қалсаңыз, ондағы банк бөлімшелерінің қызметкерлері несиенің артықшылығын айтып, қызмет көрсетуге әзір тұрады. Сол сәт ақшадан әбден қиналып «шақшадай басы шарадай болып тұрған» кейбіреулер несие шарттарын оқып, басын ауыртпай-ақ қалаған затының қолына оңай түскеніне қуанып, алып кете барады. Алайда қызықтың көкесі несиені төлейтін кезде басталып, несие төлеу уақыты жақындаған сайын үйден береке кетіп, телефон тыным көрмейтіні жасырын емес. Сол кезде ғана үстіне еселене қосылған ақша туралы ойлайтынымыз бар. Шын мәнінде, елімізде екінің бірінің мойнын да несиелік қарыз бар десек артық айтқандық емес.
Енді келісімшарттағы қызмет көрсеткені үшін банкке комиссия төлеу туралы айтсақ. Несие аларда қол қойылатын келісімшартқа көз салсақ, «клиенттен ай сайын қарыз есепшотына қызмет көрсеткені үшін комиссия алынады» деген жолдарды көреміз. Қарыз есепшоты – банктің қарыз алушының атына ашатын есепшоты. Орта есеппен ай сайын қосылатын бұл комиссия 2500–4000 теңге, ипотекалық, автонесие бойынша одан да көп екен. Осы орайда қаншама ақшаңыздың желге ұшатынын өзіңіз топшылай беріңіз.
ҚР «Ақша төлемі мен аударым туралы» Заңының 6-бабына сәйкес банк есепшоты – банк пен клиент арасындағы ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктік қызмет көрсету бойынша келісімшарттық қарым-қатынастарды көрсетудің жолы. Несиеге қызмет көрсету екінші деңгейлі банктің клиент алдындағы емес, Ұлттық банк алдындағы міндеті болып табылатындықтан, қарыз есепшоты үшін ақша алуға банктің қақысы жоқ. Бұл Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 750-бабының талабына сай, банктің орындайтын міндетті операциялары болып табылады. Ұлттық банк 2012 жылы барлық коммерциялық банктерге хат жолдап, қарыз есепшоты үшін клиенттен комиссия ұстап қалу заңға қайшы екендігі ескертілген. Шын мәнінде, несие бергені үшін банк сыйақы (вознаграждение) алады. Сыйақының ішіне барлық банк қызметтері кіреді. Алайда несиені рәсімдеуші банк қызметкерлері бұл хатты көзге ілмей, «бармақ басты, көз қыстыға» салып, қызмет көрсеткені үшін тағы да несие алушылардан комиссия алып келген. Әр банк осы заңсыз комиссияның арқасында айына 1,5 миллиард теңге табыс табады екен дегенді де дерек көздерінен көзіміз шалды. Тағы бір айта кетерлігі, соттарда 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жасақталған шарттар бойынша ғана талаптар қанағаттандырылып отыр. Несие жабылғаннан кейін арада 3 жыл уақыт өтпеген жағдайда төлеген заңсыз ұсталған комиссияны қайтарып алуға толық мүмкіндігіңіз бар. Ең бастысы несие жабылған күннен бастап жеке тұлға 3 жылдың ішінде сотқа талап арызбен комиссияны қайтаруды сұрап, жүгінсе жетіп жатыр. ҚР Азаматтық кодекстің 178, 179-баптарының талабына сәйкес талап қою мерзімі үш жыл болып белгіленген.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстанда 1000 адамның 155-і — зейнеткерБүгінде біздің өңірде банктік келісімшарт дауларының көптігінен азаматтық істердің саны үш есеге артып отыр. Оның ішінде істердің 60 пайызы осы банктік келісімшарттарға байланысты. Ақтау қаласының №2 сотында 2017 жылы 12 айда банктік несие шарттары туралы 1672 азаматтық іс қаралса, 2018 жылдың 3 айының өзінде аталған сотта барлығы 5872 азаматтық іс қаралып, оның 3037-сі банктік дауларды құрап отыр. 2017 жылғы пилоттық жоба аясында қарыз келісімшарттарынан туындаған даулар медиация тәртібімен қаралады. Алайда, банктердің кейбірі бейбіт келісімге құлық танытпайтындығы өкінішті. Бүгінде аталған мәселелер сот процесінің бірінші кезеңінде-ақ оң шешімін табуда.
Ә.ДАУРЕШОВ, Ақтау қаласының №2 соты судьясы