©
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» пилоттық жобасы тәжірибеге енгізілмек. Пилоттық жоба шеңберінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді кешкі уақытта қаралуы мүмкін. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба талқыланған дөңгелек үстелге Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықов және судьялар, Ақтау қаласының прокуроры Берік Құлмағанбет, Ақтау қаласының көші-қон қызмет басқармасының басшысының орынбасары Жеңіс Дадаев, адвокатура және құқық қорғау органдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Нұрсапа Примашев түнгі соттарды құрудағы мақсат әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізу рәсімдерін жеделдету, сот дауын тараптардың жұмыс уақытынан бөлек, яғни кешкі мезгілде шешу арқылы олардың уақытын үнемдеу екендігін айтып өтті. Сондай-ақ ол Жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша істердің көптігіне де мән берді.
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықовтың айтуынша, алдын ала сауалнама жүргізіліп, іс зардап шегушінің келісімінсіз түнгі сотта қаралмайтындығын ескертті.
Басқосуда түнгі соттарда жол-көлік оқиғасы, көші-қон және отбасылық-тұрмыстық саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар, ұсақ бұзақылық істерін қарау ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, түнгі соттарды құру идеясы Жоғарғы Сот делегациясының Сингапурға сапарынан кейін ұсынылған. Қазақстандық делегация кейінге шегеруге болмайтын істерді қарайтын түнгі (кешкі) соттардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан. Бүгінде түнгі соттар Сингапурмен қатар, АҚШ-та да бар.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Көрнекі сурет сайттың архивінен алынды