©
Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы ұлын пышақтап өлтірді деп айыпталған әйелге қатысты сот шешімі шықты.
Т. Сәрсенова ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, 15 жылға сотталды. Жазасын жалпы режімдегі колонияде өтейтін болады.
«Басты сот талқылауында сотталушыдан, жәбірленуші өкілдерінен, куәлар мен сарапшылардан жауаптар алынып, жазбаша дәлелдемелер зерттелді. Сот-психолого-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша сотталушы қылмыстық құқықбұзушылықты жасау кезінде өз әрекетінің сипаты мен қоғамға қауіптілігін түсініп, оларды басқара алатын жағдайда болғаны, яғни физиологиялық аффект күйінде болмағаны анықталған», - деп хабарлады Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот жаза тағайындау кезінде оның кінәсін толық мойындауын, айыбын мойындап келуін, жасаған әрекетіне өкінетінін, кәмелетке толмаған 4 баласының барлығын, жағымды мінездемесін, қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлары ретінде ескере отырып 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Үкіммен келіспеген тараптар 15 тәулік ішінде апелляция бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 4 қаңтарында бейнеулік 16 жасар жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмған болатын. Сотқа дейінгі тергеу органдары кәмелетке толмаған жасөсіпірімді баланың өгей анасы өлтірді деген айып тақты. Сот талқылауы 28 наурызда басталған еді.