Жаңаөзен қалалық сотында талап қоюшы У-дың жауапкер “Сан Билдинг” ЖШС-нен келісілген жөндеуді аяқтамағаны үшін материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлады.
Сотта анықталғандай, 2017 жылдың ақпанында талап қоюшы У. жауапкер “Сан Билдинг” ЖШС-мен жалпы сомасы 4 200 000 теңгеге өзіне тиісті үш бөлмелі пәтерді жөндетуге келісімшарт жасасады. Талапкер келісілген ақшаны төлегенімен, жауапкер жөндеу жұмыстарын толық аяқтамай, жалтарып жүрген.
Талапкер сотта жасалмаған жұмыс құны - 2 000 000 теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.
Азаматтық істі қарау барысында тараптар медиациялық келісімге келіп, яғни “Сан Билдинг” ЖШС 2018 жылдың наурызына дейін жөндеу жұмыстарын бітіруге міндеттенген.
"Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс өндірістен тоқтатылды. Талап қоюшыға төленген 18 865 теңге мемлекеттік баж төлемі қайтарылды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Ұйғарым заңды күшіне енді.