©
Бекіре балықтың бел кеспесі далада жатпайтыны айдан анық, яғни оның заңсыз жолмен ауланатыны да белгілі. Ал сол қылмыстық жолмен заңсыз ауланған балықты тауып алып, сақтап, заңсыз тасымалдаудың қылмыс екенін көп жағдайда азаматтар біле бермейді немесе біле тұра қасақана осындай әрекеттерге барады. Осындай қылмыстарға ҚР-ның қылмыстық кодексінің арнайы бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бүгінгі айтпағымыз, аудандық сотта ашық сот отырысында қаралған осындай қылмыстық істерге қатысты.
Азамат Д.А. 2018 жылы 11 қаңтар күні сағат 17:30 шамасында Түпқараған ауданына қарасты «Мерет» және «Қаңға» атты жерлердің арасындағы сай ішінен пайдаланылуына тыйым салынған жалпы салмағы 18 келі болатын 11 бас бекіре балықтарын тауып алып, заңсыз иемденіп алып, өзінің басқаруындағы «УАЗ 315 122» маркілі автокөлігімен тасымалдап алып келе жатқанда Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірге ұсталған.
Сот отырысында Д.А. таққан айыпты мойындап, аталған балықтарды 11.01.2018 жылы сағат 14:00-шамасында Түпқараған ауданына қарасты Мерет, Қаңға, Нұрқабай жерлерінде жылқыларын қарап жүріп, тауып алғанын, жасаған іс-әрекетіне өкінетіні жөнінде айғақ берді.
Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының балықты қарау туралы 12.01.2018 жылғы хаттамасына сай сотталушыдан алынған ішек-қарындары жоқ бекіре тұқымдас балықтары екені және балық ресурстарына келтірген шығын 4 329 000 теңгені құрайтыны анықталды.
«Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №303 қаулысының 25-тармағына сай өсімін молайту кәсіпорындарын (мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде) ғылыми-зерттеу үшін аулауды жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға квотасы болған жағайда мемлекеттік монополия субъектісін қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға тыйым салу енгізілген.
Сот Д.А.-тың іс-әрекетіне ҚК-нің 339-бабымен, яғни пайдаланылуына тыйым салынған жануарларды заңсыз тасымалдау деп дәрежелейді.
Түпқараған аудандық сотының үкімімен Д.А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабымен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енгесін іс бойынша дәлелді заттар 11 дана жалпы салмағы 18 келі бекіре тұқымдас балықтары мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне еніп, орындалды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіруден кейін қандай өзгерістер боладыҚылмыспен табиғатқа келген залалдың орнын толтыру мүмкін емес, әрине. Адамзат баласының қалыпты өмір сүруіне қоршаған ортаның әсері орасан зор. Табиғи тепе-теңдікті сақтау жайында үнемі айтылатыны да осыған байланысты. Әрине, табиғаттың бүлінуі де адам қолымен жасалатынын ешкім жоққа шығара алмас. Бүгінгі күні адамзат баласы өз тіршілік қажеттіліктерін табиғаттан алуда. Алайда көп жағдайда қоршаған ортаны, оның байлығын қорғау, үнемдеу мәселесі назардан тыс қалып, «Экологиялық кодекс» талаптарының орындалмайтыны өкінішті-ақ.
Болашақ ұрпақтың еншісі, іргемізде шалқыған қарт Каспийдің табиғаттың бір бөлшегі екенін ұмытпай, ондағы табиғи тепе-теңдікті сақтайық ағайын.
Қадіржан БӨЛЕЕВ, Түпқараған аудандық сотының бас маманы