©
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «Ақтауда педофил кезіп жүргені туралы» ақпаратты таратқан адамды іздестіруде.
Айта кетейік, 4 сәуір күні Ақтау қаласының барлық орта мектептері мен білім беру ұйымдарында балалардың құқын қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу жөнінде мектеп әкімшілігі, ата-аналар мен мектеп инспекторлары қатысқан жиындар өтті. Кездесуге 1-5 сынып оқушыларының ата-аналары шақырылған.
Осы жиыннан соң уатсап арқылы «Ақтауда педофил кезіп жүр» деген ақпарат тарап кеткен. Аудиожазбада бұл туралы қаладағы №7 мектепте өткен жиында айтқаны мәлімделеді.
Алайда құқық қорғаушылар ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр. Маңғыстау облысы ІІД хабарламаның жалған екенін, ал оның авторы іздестіріліп жатқанын хабарлады.
«Әлеуметтік желідегі белгісіз тұлға таратқан аудио жазбалар шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат таратқан адам анықталған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе түзеу жұмыстарына, 2 жылдан 5 жылға дейінгі бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айырылуға жазаланады. Бұл адам іздестіріліп жатыр», - деді Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы Камила Жарылғасынқызы.
Оның айтуынша, 4 сәуір күні мектептерде өткен жиналыстың мақсаты - оқушылардың сабаққа келу тәртібін талқылау. Сондай-ақ жиында балалардың қоғамдық орында, қоғамдық көлікте сақ болуы, бөтен адамдармен кездескенде олармен сөйлеспеуі, бөтен көліктерге мінбеуі жөнінде ата-аналарға кеңес берілген.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында үнемі мұндай кеңестер беріліп отырады», - деді Камила Кылишаева.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН