Маңғыстау облысының ІІД «жарнама ұсынатын сервистердің дамуымен интернет-алаяқтық фактілері жиі тіркелуде» деп хабарлады. Маңғыстау полициясы интернетте алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін төмендегі жайттарды назарда ұстау керектігін айтады:
- Интернеттегі алаяқтықтың жиі кездесетін түрі – тауарды салып жіберемін деп уәде беріп, қашықтықтан сауда жасау. Көбінесе алаяқтар «Шұғыл» белгісімен автомобильді, оның қосалқы бөлшектерін, кеңсе техникаларын, басқа да тауарларды нарықтық бағадан төмен бағаға сатуға шығарады. Ақшаны аударған соң барлық байланыс үзіледі;
- Егер тегін жарнама орналастыратын сайттарда сатушы алдын ала немесе жартылай төлем сомасын сұраса, тапсырысты рәсімдемеген жөн.
- Ақшаңызды бөтен адамның банктік шотына, Qiwi әмиянына аударарда немесе қолма-қол берерде сақ болыңыз.
- Алаяқтар шотыңыздағы ақшаны банктік картаңыздың деректемелерін немесе sms-код арқылы ұрлайды. Есіңізде болсын, ақша аудару үшін банктік картаның нөмірі ғана жеткілікті! Ал басқа деректемелерді (құпиясөзді, sms-кодты, артқы бетіндегі 3 не 4 таңбалы құпия кодты) айтпаңыз.
- Өз банктік картаңызды басқа адамның нөміріне «Мобильді банк» қызметі бойынша қоспаңыз.
- Алаяқтар өзге адамдардың әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланады. Егер сізге қарызға ақша сұрағаны немесе картаңызды суретке түсіріп жіберу туралы хабарлама келсе, бірден телефон шалып, туысыңыздың өзі екеніне көз жеткізіңіз.
- Телефон нөміріңіз, жұмыс орныңыз, банктік картаңыздың құпиясөзі сияқты жеке ақпараттарыңызды таратпаңыз.
- Көшеде, көлікте бөтен адамдарға өміріңіз, жеке басыңыз туралы ақпараттарды айтпаңыз.
- Қомақты, әрі тез қаражат табуға уәде беретін жұмыстарға күмәнмен қараңыз.
- Өзіңіз туралы ақпарат сұрап, телефоныңызға, поштаңызға келген түрлі хаттар мен сұратуларға жауап бермеңіз.
- Өте оңай құпиясөздерді қолданбаңыз.