©
Бұл туралы Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстауда 12-16 ақпан аралығында «Борышкер» жедел профилактикалық шарасы өтуде. Шара барысында 2017 жылы өндірілмей қалған әкімшілік айыппұлдарды өндіру, сот органдары қаулысымен автокөліктерді арнайы айыптұраққа салу, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау көзделген.
"Былтыр облыс бойынша түрлі құқық бұзушылыққа салынған 272 млн 36 мың 423 теңге әкімшілік айыппұл өндірілмей қалған. Іс-шараның алғашқы екі күнінде 2 млн 661 мың 187 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндіріліп, өндіру көрсеткіші 55,4% құрады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Екі күнде ішкі істер органының 176 қызметкері жұмылдырылып, прокуратура органының 2 өкілі мен 4 мемлекеттік сот орындаушысы қатысты. Нәтижесінде құқық бұзушылардың жұмыс орындарына әкімшілік айыппұлды төлеу туралы 144 қаулы, мәжбүрлі түрде орындауға сот орындаушыларға 316 қаулы жолданған.
"Айыппұлдарын төлемей жүрген 826 тұрғынның мекенжайына айыппұл төлеу қажеттігі туралы ескерту хат таратылды. Құқық бұзушылардың ұялы телефондарына 1500 «СМС-хабарлама» түріндегі ескертулер жіберілді. Сот органдарының қаулысымен арнайы тұраққа 2 автокөлік жабылды", - деп мәлімдеді Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар «Автоураган» жылжымалы аппаратты-кешенінің көмегімен 61 қаулы орындалып, 500 мыңнан аса теңге өндірілген.
Іс-шараны тоқсан сайын өткізу жоспарланған.
Көрнекі сурет сайттың архивінен