«Маңғыстау облысының ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы жұма намаздарға қатысып, діни шаралар өтетін ғимараттардың қауіпсіздігін қорғап, қатты айғайлап, немесе басқа да іс-әрекетімен имамдардың діни ғұрыпты орындауына кедергі келтірушілерге тосқауыл қойып отыр», – деп хабарлады осы басқарманың өкілдері.
Мысалы, осындай әрекетке барған деструктивті діни ағымдардың 17 қолдаушысына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490 бабына сай 1 928 650 теңге айыппұл салынған. (850 АЕК).
Былтыр ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы облыстың дін істері басқармасымен бірге заңсыз діни немесе миссионерлік қызмет, діни әдебиетті заңсыз сату, тыйым салынған материалдарды сақтау сияқты 60 фактіні анықтаған. Нәтижесінде 25 адам мен 1 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Оларға 2 млн 938 мың 275 теңге айыппұл салынған.
Атап өтерлігі, Маңғыстау полицейлері 2017 жылы діни рәсім өткізуге бейімделген заңсыз 5 орынды анықтады. Мәселен, ғимаратында осындай заңсыз орыны бар өңірдегі мұнай компанияларының бірі әкімшілік жауапқа тартылды. Компанияға 450 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
«Былтыр заңсыз миссионерлік қызметі үшін 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлады Маңғыстау ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы.
Басқарма объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды сақталуын да тексереді. Былтыр облыстық тізімдегі террористік тұрғыдан 450 осал объектіге тексеру жүріп, 33 құқықбұзушылық анықталған. Объекті иелеріне 376 ұйғарым беріліп, заң талабын орындамағандарға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ