Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты «Сот төрелігіне сенім және құқық үстемдігі – соттардың басты міндеті» тақырыбында 2017 жылғы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындыларына арналған кеңейтілген кеңес өткізді. Бұл жиынға видеоконференцбайланыс арқылы республиканың барлық соттары қатысса, ғаламтор желілері арқылы тікелей эфирден таратылды.
Жоғарғы Сотта өткен жиынға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов, Жоғары сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Парламент Сенаты мен Мәжіліс комитеттерінің төрағалары Георгий Ким мен Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбарасы Дархан Мыңбай, адвокаттардың республикалық алқасының төрағасы Әнуар Түгел, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, «Ата мекен» ҰКП-нің, нотариустердің республикалық палатасы мен адвокаттар алқасының өкілдері, отставкадағы судьялар мен халық аралық сарапшылар да қатысты.
Кеңейтілген кеңесте талқыланған мәселелерге Маңғыстау облыстық сотында орнатылған видеоконференцбайланыс арқылы сот корпусымен бірге, облыстың бизнесқоғамдастықтары, шағын және орта бизнес субъектілері, мемлекеттік органдар, «Ата- мекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері, медиаторлар мен заңгерлер, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері куә болды.
Жиында заң үстемдігін қамтамасыз ету жұмысының негізгі қорытындылары айтылып, еліміздің сотқұқық жүйесін одан әрі дамытудың келешегі барынша ашық әрі нысаналы түрде талқыланды. Қылмыстық, азаматтық және инвестициялық даулар бойынша мамандандырылған істер жөніндегі алқа төрағалары өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндаған соң, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов алдағы жұмыс бағытына тоқтала келе, қоғамға белдей батып отырған өзекті мәселелерді сынға алды.
Тағы оқыңыз: Маңғыстау гимнасшылары республикалық чемпионатқа жолдама алды– Еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін сот қалай өзгеруі керек? Сот билігі мен әрбір судья не істеуі керек? Ең алдымен, басты мақсатымыз – халықтың сотқа сенімін арттыру. Азаматтар әділ сот шешімін алып, құқықтары толық сақталған кезде ғана нағыз сот төрелігі орнайды, – деді еліміздің бас судьясы.
Көпшілігіміз білеміз, Жақып Асанов өткен жылдың соңында осы қызметке тағайындалған соң, ең алдымен, қалың көпшілікке түрлі сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерді, сын-ескертпелерді қабылдауға дайын екенін жеткізген болатын. Сол сәттен бастап судьялардан, адвокаттардан, заңгерлерден, құқық қорғау органдары мен өзге де азаматтардан түскен ұсыныстар мен ескертпелер негізінде осы жиында алдағы күндері атқарылатын басты міндеттерді тізбектеп шықты. Түрлі бағытта түскен ұсыныстар мен идеяларды жүзеге асыру үшін нәтижелі қорытынды шығару мақсатында Жақып Қажыманұлы «Сот жүйесінің 7 үлкен міндеті» мен арнайы жұмыс тобын құрыпты. «Біз ешқандай жаңа реформа ұсынбаймыз. Елбасының республика судьяларының 7 съезінде берген нақты міндеттері мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларында көрсетілген айқын тапсырмалары бар. Біз сол стратегиялық құжаттардың аясында жұмысымызды жалғастыра береміз» деді Төраға.
Сот жүйесінің 7 үлкен міндеті әділдік, басшылыққа бағыныстылық пен жауапкершілік, нәтижелілік, цифрландыру жұмыстарына бағытталған.
Жақып Асанов өз баяндамасында сот актілерінің жазылу мазмұны мен тілін, сотқа дейінгі тергеу органдарының толтырған құжаттарындағы шектен тыс сенімділікті, қылмыстық істер бойынша айыптау актілері мен медиациямен аяқталған істердің өте аз екенін, рейтинг, көрсеткіш үшін жұмыс жасайтын сот төрағаларын да қатаң сынады. Мұндай сыннан ақылы түрде тағылымдамадан өтіп жүрген судьялыққа кандидаттардың білімі мен біліктілік деңгейлері де тыс қалмады.
– Табиғатынан сабырлы, дауды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткен бе? Қит етсе, дереу сотқа жүгінеміз. Бітімге келу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып барады? Кәсіпкерден жағдай сұрасаң «сот тасып жатырмын» дейді. Үйдегі пробел- масын сотта шешемін деушілер көп. Әкесі баласымен, ағасы інісімен соттасып жатқан жағдай аз емес. Сотқа келушілердің бәрі дауын шешуден бұрын өш алуды көздейді. Бізде «дауды тек сот шешеді» деген қағида қатып қалған. Алайда біз сотқа келген адамдарды қорғай алмаймыз. Көптеген өркениетті шетелдерде судья дауды шешу үшін бәрін жасайды, ал бізде судья талапарыздың аясынан шыға алмайды. Бізде бәрі заңды, бірақ әділетсіз. Қоғамда мемлекетке өкпелі азаматтар көп. Бітімгершілікке шақырып, дауды ушықтырмай басатын мамандар да аз. Әрине, дау кез келген қоғамда бар. Оның бәрін сотта шешу мүмкін емес. Сондықтан біз қисық нормалар мен схемаларды дұрыстап, мәселені жылдам әрі тиімді шешу жолдарын тиісті орындарға ұсынуымыз керек, – деді Жақып Қажыманұлы.
Көпшіліктің тікелей назарында өткен үлкен жиынды қорытындылау кезінде Ж.Асанов барлық судьялар мен қоғам өкілдерін сот қызметін жақсарту бағытындағы жұмысқа белсене қатысуға шақырды.
Осы күні Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов соттар әкімшілерінің өңірлердегі басшыларымен және қызметкерлермен жұмыс қорытындысын талқылады. Сот қызметкерлері ішкі жұмыстарын, соттардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен электронды сот төрелігінің қызмет көрсету сапасын таразылады.
ОЙ ТҮЙІН:"Соңғы төрт жылда азаматтық істер үш есе өскен. Судьялар қағазға көмілуде. Ал миллиондаған адамдар сот әуресінде жүр. Бұл – еліміздің бюджетіне үлкен салмақ, ел дамуына зор кедергі". Ж.Асанов, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы
Гауһар НҰРХАНОВА,
Маңғыстау облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы