©
2017 жылдың 12 айында Ақтау қалалық соты 639 қылмыстық істі қараған. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев өткізген баспасөз мәжілісінде айтылды.
"Өткен жылы қаралған 639 істің 461-і 528 тұлғаға қатысты үкім шығару арқылы қаралып, 143 адам бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Барлық қаралған (639) қылмыстық іс бойынша 310 іс үздіксіз, бір сот отырысында қаралып аяқталды. ҚР ҚК-нің 68-бабына сай 131 қылмыстық іс жәбірленуші сотталушымен бітімгершілікке келуіне байланысты қысқартылды", - деп атап өтті сот төрағасы.
Өткен жылы тергеу судьясы 890 санкцияны қарап, оның 827-і қанағаттандырылып, 63-і қанағаттандырудан бас тартылған. Ал «Сот кабинеті» сервисі арқылы бір жыл ішінде 213 арыз бен өтініш түскен.
Сонымен қатар М. Кенжалиев сот жүйесіне «Төрелік» электронды жүйесінің енгізілгеніне тоқталды.
- Бұл сервис мәліметтерді жедел алмасуға, жоғары деңгейде сенімді және автоматтандырылған тіркеуді жүргізуге және іс жүргізу мерзімін сақтауды бақылау сияқты мәселелерді шешуге, статистикалық және талдау есептерін қалыптастыруға, іс жүргізу мен сот ісін жүргізуді оңайлатуға мүмкіндік береді, - деді.
Баспасөз мәжілісін қорытындылай келе сот төрағасы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.