©
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршамызға ортақ міндет» деген тақырыпта Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Басқосуды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы Сәкен Қасымов, жегі құрт сыбайлас жемқорлықтың ел экономикасына тигізер зияны, оны ауыздықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жемқорлық көрінісінің статистикалық мәліметі жайында сөз етті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабайдың баяндамасын тыңдады.
Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде «жұмысымды бітіріп бердің ғой» деп 1-2 мың теңгені қыстыра кететіндер жоқ емес. Көпшіліктің ішінде бұл үшін әкімшілік жазаға тартылатындығын білмейтіндер де баршылық. Әсіресе тұрмыс мәселесіне қатысты жемқорлық жиі кездесіп отыр. Біреуден алған сыйақыңыз 2 айлық есептік көрсеткіштен асса парақорлыққа жатады. Ол үшін жеке тұлға болса 200, заңды тұлға болса 600 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Баяндамада Түпқараған ауданында полиция жол-патрулі қызметкерінің 1 мың теңге алғаны үшін 600 мың, ал берген адамның 200 айлық көрсеткіш, яғни 453 мың 800 теңге айып төлегені мысалға келтірілді. Сондай-ақ Бейнеу ауданында полиция қызметкеріне заңсыз сыйақы ұсынған азамат та 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өкінішке қарай мұндай мысалдар бір-екі фактімен ғана шектелмейді.
- Берген де, алған да қыруар ақша айыппұл төлейтіндігін білмейтіндер әлі де аз емес. Біз профилактикалық шараларға, медиаөнімдерді, бейнероликтерді шығарып, таратуға, түсіндірме жұмыстарына, рейттер өткізуге баса мән беріп отырмыз. Жыл басында жемқорлықпен күрес жөнінде мобилдік топ құрып, облыс деңгейінде 243 кездесу өткіздік, 37 мыңдай адам қамтылды, - деді Жұмабай Көбейсінұлы.
Дөңгелек үстел барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті аналитикалық ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Юлия Резниченко біздің аймақтан сотталып, жазасын өтеп жатқандар жайында бейнероликтерді көрсету, соңғы екі жыл ішінде орын алған фактілер, сыбайлас жемқорлық бойынша жазаланғандардың деректері, алған жазасы-сотталу мерзімі, айыппұл мөлшері хақында баяндап, оның отбасына тигізер моральдық-материалдық зардаптарына тоқталды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімі басшысы Асхат Байболатов кәсіпкерлер палатасы мен ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бірлесе жасаған жұмыс нәтижелеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кәсіпкерлердің арыз-шағымына қатысты екі жақты алынуға тиісті шараларға қатысты ой-пікірін жеткізді.
Сыбайлас жемқорлық сияқты кеселді бірден сылып алып тастау, әрине, оңай емес. Оны құрықтау, өрісін тарылту көптің бірлесе күресі, жиіркеніш сезімін қалыптастыру арқылы бірте-бірте іске асса керек. Бұл жерде ертең опық жеп, жылдап жинаған абыройдан бір-ақ сәтте айрылып қалмау үшін елдік мүддеге қатысты жоғары жауапкершілік, қанағат қажет-ақ.
Бұл - дөңгелек үстелге қатысушылардың ой-түйіні. Осындай тақырыпта бас қосу алдағы уақытта жоспарлы түрде өтіп тұрмақ.
Болат ҮМБЕТОВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45999,45997,45998"]