©
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын зиялы қауым қуана құптап отыр. Білімге ұмтылу, жақсыға үйрену, жаманнан жиренуді ата-бабаларымыз баяғыда айтқан. Бұл енді ұлттық идеологиямызға айналып отыр. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп қадап айтты мақаласында Мемлекет басшысы.
Ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігін айтып отыр Елбасымыз. Бұл дегеніміз – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту. Бұл ретте Президенттің жаңғыру ұғымының мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдыларымыз бен әдеттерден арылуымыз керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені бұл – өмір заңы, даму заңдылығы. ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Жастарымызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім ошақтарынан тереңдетілген білім алып халқымыздың игілігіне жұмыс істеуге баулуымыз керек. Мемлекет басшысының Үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады.
«Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар көрсетілген. Мұнда айтылған қазақ тілін біртіндеп латын алфавитіне көшіру – заман талабы. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Сол үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылмақшы.
Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында жан-жақты түсініктер берген. Бұл бағдарламаның халқымызға жаңа рух, жаңа серпін беретіні анық. Бұл бағдарламаның аясына тарихымыз да, руханиятымыз да кіріп кетеді. Соның нәтижесінде, болашақта елін, жерін, халқын сүюге қазақша тәрбиеленген нағыз қазақстандық жаңа буын пайда болады.
Маңғыстау облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
жетекші маманы С.Сабитова