Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек.
«Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.
Осы кезеңдерге дейін еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеуметтік, экономикалық ендіктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен және өте сәтті жүзеге асырылып келді.
«Ең бірінші экономика, содан кейін саясат» деген басқару жүйесін Елбасы тегін айтқан жоқ.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі болар осы үш концепция сөзсіз бір-бірімен сабақтасып, тамырласып жатқан идеялар.
Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекет құрдық.
Алыс-жақындағы алып елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани қарым-қатынасты жолға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиындықтар, шиеленістер, күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келгенін іштеріңіз сезеді. Сол бір қысталаң кездерде көшімізді сүріндірмей, қайығымызды қайрандатпай осы кезге дейін жеткізген ел Президентінің сарабдал саясаты екенін баршамыз жан жүрегіміз сезіндік, сезініп те келеміз.
Біз қақпа-тереземізді жауып алып, есігін іштен іліп отырған ел емеспіз. Елбасы алғашқы сәт-сағаттардан бастап-ақ жаңа даму жолына түскен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас және бейбіт өмір сүруге бағыттады. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жайын ауыздай жаланған жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыстардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер дендеп еніп кетті. Мұндай жағдайларға табандап қарсы тұратын Президент айтқан – ұлттың рухани коды.
Ұлттың рухани коды дегеніміз не?
Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы. Президентіміздің бағдарламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың негізгі бағыттары болатын алғышарттар нақтылы көрсетілген.
Елбасы «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сауалды жалпы бұқараға қоя отырып, «Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім. Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын!» деп кесіп айтты. Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны!
«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар ұлттық мемлекеттілікті нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.
Маңғыстау облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы С.Самалыкова