©
Ақтау қалалық сотында 72 эпизод бойынша екі әйел азаматшаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сотта анықталғандай, «Форте Лайн» ЖШС-нің директоры украиндық Б. мен «Траст-Премьер» ЖШС-нің директоры Т. 2014-2015 жылдары қасақана, пайдақорлық ниетпен, бөтен мүлікті алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі көлемде пайда табу мақсатында, Ақтау қаласы аумағында заңсыз инвестициялық компаниялар ашып, арнайы жарнамалар таратып, қала тұрғындарына жалған ақпараттар беріп, клиенттерге ыңғайлы және қолжетімді «Дом-35», «Дом-15», «Копилка» бағдарламалары арқылы жалған инвестициялық келісімшарттар жасақтап, ірі мөлшерде ақша алып отырған.
Яғни, сотталушы Б. 2015 жылдан бастап тұрғын үй алуға көмектесу мақсатында әр жәбірленушімен 1 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін әр түрлі көлемде жалған келісім шарт жасақтап, қаржылай шығын келтіріп отырған. Ал, Т. өзінің заңсыз ашылған компаниясы арқылы азаматтарға қаражат салған жағдайда аз уақытта үстем ақымен ақшасын қайтарып ала алатынын айтып, сеніміне кіріп, жалған инвестициялық бағдарламаға қызықтырып, 200 мың теңгеден бастап 4 млн теңгеге дейін әр түрлі көлемде жалған келісім шарт жасасып, қаржылай шығын келтіріп отырған.
Сот үкімімен Б. мен Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің алаяқтық туралы 190 бабының 4 бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүліктерін тәркілеумен, сәйкесінше, 6 жылға және 5 жылға бас бостандықтарынан айыру жазалары тағайындалды.
Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 72 жәбірленушінің азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылып, сотталушылардан олардың пайдасына келтірілген шығын көлемін толық өндіру туралы көрсетілді. Ал, қос әйелдің 72 адамға келтірген жалпы шығынының көлемі - 318 млн теңге.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.