"Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызмет ету аумағында өткен үш күндік "Мигрант" жедел профилактикалық шарасы кезінде ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамысын бұзған 14 шетел азаматы анықталды", - деп хабарлады бөлімнің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Асылбек Жүсупов.
Оның мәлімдеуінше, аталған адамдардың 2-не әкімшілік айыппұл салынса, 11-і әкімшілік қамауға алынған. 1-уі елден шығарылған. Яғни, олардың барлығы да Бейнеу станциясынан кездескен. Ал, жалпы жыл басынан бері көші-қон полиция тобы аталған заң бұзу баптарымен 572 шетелдікке қатысты шара қолданған. Соның 479-ы әкімшілік тәртіппен темір торға қамалып, 51-і айыппұл арқаласа, 24-і ескерту алған. 18-і еліне қайтарылған. Бұл деректердің 30-ға жуығы Ақтау халықаралық әуежайында, 40-қа шамаласы Маңғыстау станциясында болған.
- Жедел жұмыс барысында станциялардағы қонақ үйлер мен вокзал және оның перрондары, әуежайдағы күту залдары, транзиттік бағыттағы жолаушылар пойыздары тексерілді. Мақсат - шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан аумағында заңсыз жүріп-тұруын болдырмау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, - дейді А.Жүсіпов.
Шахида ЖҰМАН