Жүйемізде маңызды өзгерістер болып жатыр.
Ең алдымен, Конституцияға енгізілген түзетулер. Оның прокуратураға қатысты 83-ші бап Конституция қабылданғаннан бері алғаш рет өзгерді.
Екіншіден, бұрын Негізгі Заңда прокуратураның өкілеттіктері нақты көрсетілген болатын. Енді олай емес. Қадағалаудың көлемі мен шегі заман талабына сай прокуратура туралы және басқа процессуалдық заңдарда реттелетін болды. Прокуратура туралы Заң а.ж. шілде айының ортасында күшіне енді.
Үшіншіден, Елбасының тапсырмасымен арнайы топ құрылды. Мақсат – қылмыстық процесті модернизациялау. Оған «қарапайым адамдардың» көзімен қарап, тиімді моделін құру. Жыл соңына дейін бұл тапсырманы орындап, Парламентке тиісті заң жобасын енгіземіз деген сенім бар.
Жалпы, бұл прокуратураның құқық қорғау потенциалын күшейтеді.
Осы мақсатта дамыған елдердің тәжірибесіне терең үңілдік.
Жақында құқық қорғау органдарының бірінші басшылары Литва, Эстония, Грузия, Англияға барып келді. Солардың прокуратураларының жұмысымен танысты. Голландия, Украина, Германияның мамандары бізге келіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Бұдан не көрдік? Дамыған елдерде прокуратураның басты міндеті - қылмыстық істер бойынша заңдылықты қамтамасыз ету. Оларда прокуратура - сот пен полицияның арасындағы мықты фильтр. Тергеудің кемшіліктерін жояды, кінәлінің әрекетіне квалификация береді, мемлекеттік айыпты қолдайды.
Сондықтан алдымызға 4 міндет қойып отырмыз.
а) тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттікті нақты ажырату;
б) сот бақылауын күшейту;
в) қорғау мен айыптаудың теңдігін арттыру;
г) қылмыстық процесті барынша үнемді ету.
Жалпы, Конституция мен заң прокуратураның мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын, мәртебесін анықтап, өкілеттіктерінің шегін бекітті. Ал, соны қоғам мен мемлекетке пайдалы ету үшін не істеп жатырмыз?
Біріншіден, жыл басынан бері бір пилоттық жобаны бастап кеттік.
Бізде дәлел жеткілікті болса да, кінәлі адам мойындап тұрса да, қылмыстық іс айлап тергеледі. Жәбірленушілер, куәлар бар жұмысын, бизнесін ысырып қойып, күндеп, тіпті апталап тергеу органдарында жүруге мәжбүр.
Сондықтан Астананың Алматы ауданы мен Ақмоланың Целиноград аудандарын эксперимент үшін таңдап алып, осы проблеманың себептеріне мұқият үңіліп көрдік.
Айтарлықтай нәтиже бар. Дәлелденіп тұрған істер бұрынғыдай 1-2 ай емес, 5 күнде, әрі кетсе бір аптада тергеліп, үкімдер шығып жатыр. Сотқа жолданған істердің 75 пайызы осындай қысқа мерзімде аяқталды. Қалғандары егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін күрделі істер. Оған қалай қол жеткіздік?
Ең алдымен, істі қарап, виза қоятын адамдардың саны қысқартылды. Іс полиция мен прокуратурада біраз лауазымды адамдардың қолынан өтеді екен. Әрине, бұл қыруар уақыт. Сотта істі қарау үшін кемінде 1 ай керек. Әрине, содан адамдардың өкпесі қара қазандай. Сондықтан полиция мен прокуратурадағы процедураны жылдамдаттық.
УПК бойынша келіп түскен қылмыстық теріс қылық туралы істі прокурор 1 тәулікте зерттеуі тиіс. Бұл мерзім 6 сағатқа дейін қысқарды. Ал, жеделдетілген формадағы істер 3 тәулік емес, 24 сағатта қаралып, сотқа жолдануда.
Бұрын полиция істі прокурорға өткізу үшін көп уақыт жоғалтатын. Прокуратураға барады, канцелярияға тапсырады, сосын қала, аудан прокуроры арқылы орындаушыға жетемін дегенше біршама уақыт кетеді. Қазір мұндай артық кедергілерді алып тастадық. Жергілікті ішкі істер бөліміне кезекші прокурорды әдейі отырғыздық. Ол істерді қарап, өзі бірден сотқа жолдайды.
Тағы не істелді? Тергеушілер нарко, психодиспансерден анықтама алу үшін баяғыдай өздері барып, кезекте тұрып, құжатты алып жүрмейді. Кабинетте отырып-ақ анықтаманы базадан 10 минутта алады.
Бұл қызметкерлердің артық жұмыстан қолын босатып, олардың ашылмаған, ауыр қылмыстармен айналысуына мүмкіндік ашты.
Екі ауданнан басталған пилотты қазір бүкіл республикаға таратып жатырмыз.
Екінші жоба - «Заңдылық» жүйесі.
Бұл Жоғарғы Сотпен бірге жасалған жоба. Ай-ти технология өнімі.
«Заңдылық» жүйесінде Қылмыстық кодекстің барлық нормалары цифрланған. Прокурор немесе сот шешімін компьютерде дайындағанда бұл жүйе қателерді қызылға бояп, бірден шығарып береді. Бұл қандай қателер? Жаза тым қатал немесе негізсіз жеңіл емес пе, режим түрі қаншалықты дәл таңдалды, конфискация жасау керек пе, қосымша жаза қалып қойған жоқ па, тағы басқа 100-ден астам параметр бойынша.
Осы база арқылы 2016 жылғы 40 мың үкім тексеруден өтті. Біздің наразылық бойынша 559 үкім түзетілді. Оның 174-тін – Жоғарғы Сотта. 100-ден астам сотталғанға тағылған айып көлемі төмендетілді, тым жоғары жазалар кемітілді және колония түрі ауыстырылды.
«Заңдылық» жүйесі прокурорлар мен судьялардың санасын өзгерте бастады. Базаға ілікпеу үшін олар заңдарды мұқият оқып, өздерін қайта-қайта тексеретін болды. Сот шешімдерінің сапасы да жақсара түсті. Сондықтан апелляцияда қайта қаралған қылмыстық істердің саны 40 пайызға азайды.
Көп ұзамай онлайн режимде қылмыс тіркелгеннен бастап жазаны орындауға дейін бәрін көретін боламыз.
Жыл соңына дейін «Заңдылық» жүйесін барынша күшейтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа толық енгізу жоспарланып отыр. Сонда сот үкімдеріндегі айқын қателіктер күрт азаяды.
Үшінші жоба – электронды қылмыстық істер.
Жыл сайын 500 мыңнан астам іс тергеледі. Барлығы қағазда. Оны жоғалтуға, жалған құжаттар жасауға, жойып жіберуге болады. Көп жағдайда ешкім білмейді. 2,5 жылда 3,5 мың іс жоғалған. Дәлелдемелерді қолдан жасағаны үшін 33 қызметкер сотталды.
Арызды тексеру үшін өңірлерден сұралатын істер жолда 2-3 апта жүреді. Тағы 20 күн оны қайтаруға кетеді. Осылайша жүздеген мың істер «қыдырып» жүреді.
Істерді е-форматқа көшіру – осы жағдайды түзетуге бағытталған алғашқы қадам.
Осыған көңіл бөлген елдерде қылмыс та аз, оның ашылуы да тез. ОЭСР елдерінің көбісінде қылмыстық іс қағаз жүзінде емес, электронды түрде жүргізіледі.
Сондықтан Құқықтық статистика комитеті «Е-қылмыстық іс» бағдарламасын әзірледі. Оған бюджеттен қосымша қаржы сұраған жоқпыз. Ол қылмысты тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық жазаны орындау кезеңдерін қамтиды.
Электронды қылмыстық істің берері не?
б) қажеті жоқ, артық қағаздан құтыламыз.
в) электронды форматқа көшсек, істер бұдан да тезірек тергелмек. Өйткені, құжаттар орталық пен аудандар арасында апталап жүрмейді. Жүйеде 100 шақты процессуалдық құжаттың шаблоны болады. Соттан санкцияны электронды түрде алуға болады;
г) аналитика күшейеді. Әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, дұрыс практиканы қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ;
д) жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын кез-келген уақытта онлайн режимде көре алады;
ж) электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Ол дегеніміз тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн тексере алады. Қазір пилоттық жоба барлық құқық қорғау органдары бойынша бірнеше облыстарда басталып кетті.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап бүкіл қылмыстық процесті цифрлық форматқа көшіруге дайынбыз. Ол қосымша қаржы талап етпейді.
Төртінші жоба – электронды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер.
Жыл сайын олар 4 млн. астам. Хаттамаларды 64 мемлекеттік орган толтырады. Бұл салаға, іс жүзінде, бүкіл мемлекеттік аппарат пен әрбір төртінші тұрғын тартылған. Дегенмен, айыппұлдардың төленуі 50% төмен.
Хаттамалар қағаз жүзінде. Яғни істер жоғалып, мерзімдер кешігіп, фальсификация орын алуы мүмкін. Олардың 60% жол ережесіне қатысты.
Жол полициясы қызметкері қағаз құжат толтырады, қате жібереді, ол хаттама жоғалып қалуы ықтимал. Оны оператор 2-3 күннен кейін базаға түсіреді. Ол жерде де мәліметтер компьютерге дұрыс енгізілмеуі мүмкін. Жүргізуші болса не айыппұлын төлей алмай, не өзін базадан таба алмай сандалады. Соның кесірінен орындалмай тұрған айыппұлдар көп. Адамдар шетелге шыға алмай, құқықтары шектелуде. Мұның барлығы жемқорлыққа тура жол.
Сондықтан шілде айынан бастап Астанада пилоттық жобаны бастадық. Жүргізуші жол ережесін бұзса, полиция қағаз протокол емес, планшет арқылы электронды протокол толтырады. Бұл IT-бағдарламаның авторы - Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті. Ол бағдарлама мемлекеттік органдардың базаларына қосылған.
Планшетте ЖСН-ді енгізсең, жүргізушіге қатысты барлық ақпарат шығады – аты-жөні, тұратын жері, жүргізушінің куәлігі, неше рет ереже бұзғаны, айыппұлдары төленген бе, оның көлігі ұрланған емес пе, тағы басқа деректер.
Барлық контент мемлекеттік органдардың базаларынан автоматты түрде алынады. Электронды хаттаманы жоғалту немесе қолдан жасау мүмкін емес. Ол прокуратураның Әкімшілік істердің бірыңғай реестрінен бірден көрінеді.
Нәтижесінде рәсімдеу мен айыппұл төлеуге қазіргідей апталар мен айлар емес, ең көбі 3-5 минут кетеді. Оның көшірмесі құқық бұзушының электронды поштасына жіберіледі және телефонына смс-хабарлама келеді.
Күзге қарай айыппұлды банк карточкасы арқылы сол жерде төлеу мүмкіндігі енгізіледі.
Бұл пилоттық жоба үлкен жобаның басы. Келешекте барлық әкімшілік істер электронды форматқа көшіріледі - хаттама толтырудан бастап ол әкімшілік жаза толық орындалғанша.
Бесінші жоба – қылмыстық айыппұлдар.
Мұндай жаза онша ауыр емес және ауырлығы орташа барлық қылмыстарға қолданылады. Бірақ, оларды тағайындау көрсеткіші небәрі 5 пайыз. Тіпті одан да төмен. Неге? Өйткені, айыппұлдар көлемі үлкен. Оларды төлеу үшін аз ғана уақыт беріледі. Ал, қасақана төлемей жүргендерге ықпал ету қиын.
Осыған талдау жасап, шетелдік озық тәжірибені ескеріп, заң жобасы әзірленді. Бұл мәселе Қосшыда өткен Бірінші криминологиялық форумда талқыланды. Президент Әкімшілігі жанындағы Комиссияға шығарылып, Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің келісімі алынды. Заң жобасының негізгі ұсыныстары мынадай:
- қылмыс жасағаны үшін ең төменгі айыппұл түрін 500-ден 200 АЕК-ке дейін төмендету;
- сотталғанның тұрмыстық жағдайын ескеріп, айыппұлды 3 жылдан кейін төлеуге мүмкіндік беру;
- ал, айыппұлды төлемесе, онда басқа жазаға ауыстыру механизмін жетілдіру.
Алтыншы жоба – ұрлықтың алдын алу.
Статистика бойынша барлық қылмыстардың 60 пайызы – ұрлық.
Сондықтан оны Бас прокуратура жанындағы Үйлестіру кеңесінде талқылап, Ішкі істер министрлігімен бірге Жол картасы бекітілді.
Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық жоба іске асырылды. Басты девиз - ұрлықпен күресті өзіңнен баста. Көшеге бейнекамера, пәтерге домофон, үйге сигнализация қою жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік.
Ауылдарда халыққа ең ауыр тиетін – мал ұрлығы. Біздің ұсынысымызбен 20 мыңнан астам ірі қара малға GPS-трекер орнатылды. Сол арқылы жылқының не сиырдың қайда жайылып жүргенін телефоннан онлайн көруге болады.
Көбінесе ұрлаған адам да, оның иесі де «мал менікі» деп жатады. Осындай түсініксіз жағдайларды болдырмаудың бір жолы – малдың құлағына белгі тағу. Біздің араласуымызбен үш облыста 2 млн. малға осындай сырға тағылды.
Нәтижесінде жалпы ұрлық 11 пайызға төмендеп отыр. Бұл басы. Қазір арнайы топ заңға қажетті түзетулер дайындап жатыр. Әрі қарай жалғастырамыз.
Жетінші жоба – үлескерлердің құқығын қорғау.
Тұрғын үй – өмірдегі ең басты қажеттіліктің бірі. Оны қол жетімді ету үшін елімізде арнайы бағдарламалар іске асып жатыр.
Бірақ, кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсынып, көп адамды алдап кетті.
Бұл проблема 2003-2006 жылдары пайда болды. 450 үйдің құрылысы бітпей қалды. 60 мың адам жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған.
2006 жылы арнайы Заң қабылданса да алаяқ компаниялар оны айналып өтудің жолын тапты. Ақша тарту үшін «инвестиция жасау», «бірлескен қатысу», «алдын-ала сату» шарттарын ұсынып, жұртты тағы да алдап соқты. 7 облыста 74 объект бітпей, 9 мың адам баспанасыз қалды.
Сондықтан әкімдіктермен, полиция және бизнеспен бірге үлескерлердің проблемасын шеше бастадық. 22 компания үйлерін салып бітірді. 3 мың адам пәтерлерін алды. 18 үйдің құрылысы қайта басталды.
Халықтан заңсыз ақша жинап жүрген 19 фактінінің жолын кестік.
Бүгінгі күні тоқтап тұрған 34 объект. Онда 4 мың үлескер.
Азаматтардың алданып қалмауы үшін онлайн мониторингке көшеміз. Бізде пәтер сату туралы жарнамаға арналған бірнеше сайттар бар. Егер әкімдік пен Кепілдік қорының рұқсаты болмаса, ондай жарнаманы арнайы IT-бағдарлама бірден жоятын болады.
Сегізінші жоба – жерді заңсыз басып алу.
Бұл да айта-айта жауыр болған проблема. Иесі жоқ екен деп жерді өз бетінше жаулап алғандар көп. Оны анықтаймын дегенше ол жер үлкен бір ауылға айналып кетуі мүмкін. Босатуды талап етсең - айқай-шу. Бір жыл бұрын Астана, Алматы, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстанда 2,5 мың участок осылай басып алынған. Бұл 300 га жер.
Осының бәрін өткен жылы талқылап, кешенді жоспар бекіттік. Әрбір өңірде топтар құрдық. Ақмола, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстанда бұл проблема толық шешілді. Алматыда 1 участок қалып тұр. Қызылордада 55, Астанада 338.
2016 жылғы шілдеден бері басып алынған жерлер саны 6 есеге азайды (2500-ден 394-ке дейін).
Ендігі мәселе – басып алуды болдырмау. Сондықтан үй салуға тартымды жерлерге мониторинг алгоритмі жасалып, ол Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен бірге жүргізілуде.
Қазір учаскелердің шекарасы көрсетілген схемаларды Ауыл шаруашылығы министрлігінен аламыз. Оны космостан алынған суреттермен салыстырамыз. Жердің әрбір метрі алақанға салғандай анық көрінеді. Бұл жұмысты әрбір өңірдегі прокурорлар қолмен жасайды. Соның арқасында басып алынған 151 жерді таптық.
Астананың «Железнодорожный» массивінде 10 үй құрылысы анықталды. Біреулер участок өзінікі болмаса да оны адамдарға сатқан. Жұрт жарнамаға, құрғақ уәдеге сеніп, сол жерге үй салған. Сөйтіп, қулардың алдауына түсіп қалды. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әрине, карта мен космос суреттерін қолмен салыстырғанда адам факторы орын алуы мүмкін. Біреу байқамай қалады, біреу ұмытып кетеді дегендей. Сондықтан біздің бастамамен арнайы ІТ-жүйе жасалуда. Ол карта мен космос суреттерін өзі салыстырып, заңсыз құрылыстарды өзі анықтап, бізді ескертетін болады. Сонда қателік те болмайды, жерді заңсыз басып алуды да тез көретін боламыз.
Тоғызыншы жоба – алименттер.
Бұл қоғамдағы ауыр проблема. 370 мың балаға әке-шешелері 9 млрд. қарыз.
Өткен жылдың қазан айынан бастап Әділет министрлігімен бірге Жол картасы жасалды.
Әрбір облыста прокурорлардан, полициядан, юстиция қызметкерлерінен тұратын топ құрып, оларды бір кабинетке отырғызып, орындалмай тұрған материалдар жеке-жеке қаралды. Мемлекеттік аппараттың барлық ресурстары іске қосылды.
Учаскелік полицейлер алимент төлеуден әдейі қашып жүрген борышкерлердің үйлеріне барып, оларды сот орындаушыларға мәжбүрлеп жеткізді. 5400 адамға әкімшілік хаттамалар толтырылды. 650 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Оның 100-і сотталды. Мемлекеттік базалар арқылы борышкерлердің жұмыс орындарын, мүлкін таптық. Жұмыс істеп, қарызын төлеуі үшін 2700 адамға әкімдіктер арқылы жұмыс тауып берілді. Нәтижесінде, 103 мың балаға 4,5 млрд. төленді.
Қазір алимент төлемей жүргендердің ақшасы болмаса, мүлкінің есебінен қарызын жабу механизмін ойластырып жатырмыз. Сол сияқты алименттердің қайда, қандай мақсатта жұмсалып жатқанын бақылау тетігі қажет. Алимент қорын құру идеясын алға жылжытсақ деген жоспар бар.
Оныншы жоба – бизнесті қорғау.
Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді алып тастау – Елбасының барлығымызға қойған міндеті. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытуға біз де, яғни құқық қорғау органдары мүдделі.
«Атамекен» палатасымен бірге өткен жылдан бастап бизнесті қорғау жобасын қолға алдық. Өйткені, кәсіпкерлер кедергілерден әбден тұншығып тұрған еді. Бизнеске қойылатын талаптар 30 мыңнан асатын. Әкімшілік айыппұлдар өте жоғары. Бітпейтін тексерулер. Қылмыстық қудалауды пайдаланып қысым көрсету көп.
Содан бері Палатамен, тиісті органдармен бірге 5 ірі шара өткізілді. Өңірлердегі проблемалар талқыланды.
Қарағандыда болған үлкен алқада жергілікті құзырлы органдардың кемшіліктері көрсетілді. Кәсіпкерлерге ең қатты қысым көрсететін - Экономикалық тергеулер қызметі. Олардың әрбір ісін көтеріп, терең талдау жасадық. ЭТҚ тергеушілері көрсеткіштерді қолдан өсірумен, көзбояушылықпен, заңсыз қудалаумен айналысқан. Нәтижесінде 24 қызметкер жазаға тартылды. Соның 7-еуі жұмыстан қуылды. 2 тергеуші өздері арыз беріп, жұмыстан шықты. 1 тергеушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, республика бойынша экономикалық қылмыстарды негізсіз тіркеу 16-шы жылы 11,5 есе азайды (біздің бастамаға дейін 6 мың, кейін - 560). Ал, биыл 4 есе төмендеп отыр (3206 - 784). Жалған кәсіпкерлік туралы бап Қылмыстық кодекстен алынып тасталды.
Мемлекеттік органдардың 540 бақылау функциясының 139-ын біздің ұсынысымыз бойынша уәкілетті органдар алып тастады. Санитария-эпидемология мен өрт сөндіру саласы бойынша да Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 14 мың артық талапты жойды. Қалған адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін керек 3 мың норматив сақталып қалды.
Бизнесті қорғау жобасы шеңберінде салық, таможня даулары бойынша сотқа дейінгі апелляция институты енгізілді.
Кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемін 157 бап бойынша азайтуды көздеп отырмыз. Әділет министрлігімен бірге Әкімшілік кодекске де сондай түзетулер әзірледік. Ол қазір Үкіметте.
Жыл соңына дейін бүкіл тексеріс процедурасын автоматты жүйеге көшіреміз. Біз жасап жатқан ІТ-бағдарлама өзі мониторинг жүргізіп, әлеуетті құқық бұзушыларды анықтайды, мемлекеттік бақылау органдарын соларға нақты бағыттайды. Егер олар ешбір қауіп жоқ жерде тексеріс жүргізбекші болса, біздің ІТ-жүйе мұндай тексерісті тіркеу мен өткізуден бас тартады.
2017 жылдың наурызынан бастап кәсіпкер тіркелген тексеріс туралы, егер ол аяқ астынан болмаса, прокуратурадан смс-хабарлама алады. Бұл «Қамқор» деп аталатын мобильді бағдарламамыз. Кәсіпкерлерге көмекші құрал. Егер тексеру заңсыз болса, кәсіпкер сол бағдарлама арқылы шағым жасай алады.
Бір ай бұрын бақылау органдарын өздерінің актілерін Бірыңғай базаға енгізуге міндеттедік. Онда тексерудің барлық қорытындылары көрінеді.
Тексерулердің онлайн-картасы да кез-келген адамға қол жетімді. Егер қоғамдық тамақтану орнында антисанитария болса, ол қызыл бояумен белгіленеді. Тұтынушыға бұл ескерту, ал кәсіпкерге тексеру болатыны және абырой мен клиенттерін жоғалту қаупі туралы дабыл.
Ағымдағы жылдың 6 айында бизнесті тексеру 20% азайды.
Он бірінші жоба – жымқырылған активтерді шетелден қайтару.
Соңғы 10 жылда мұндай қылмыстық істер саны 36. Олар бойынша қылмыскерлер 10 млрд. доллар жымқырып, шетелге шығарған. Бұл ішкі жалпы өнімнің, яғни ВВП-ның 8,1%.
Мұндағы әлсіз жеріміз - білікті тергеушілер жетіспейді. Шетелдің құқық қорғау органдарына сауатты хат жазуды, активтерге қалай тыйым салуды, оларды қайтару жолдарын білмейді. Шетелдік әріптестермен тығыз байланыс жоқ.
Сондықтан өткен жылдың қазан айынан бастап активтерді қайтару бойынша жоба басталды.
Құқық қорғау академиясының базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нашақорлыққа қарсы күрес Басқармасы және АҚШ Елшілігінің қолдауымен 169 тергеушіні оқыттық. 10 ұлттық тренер дайындалды.
Жыл соңына дейін Дүниежүзілік банк пен БҰҰ Басқармасының көмегімен тергеушілерге, прокурорлар мен судьяларға арналған бірнеше семинар өткізу жоспарланып отыр. Олар Қылмыстық-процестік кодекстің конфискация туралы 71 бөлігін дұрыс қолдануды үйренбек.
Шет елдің құқық қорғау органдарымен жедел ақпарат алмасу үшін Европа мен Азияның электронды жүйелеріне қосылдық. Бұрынғыдай ресми хат жазып, ұзақ күтудің керегі жоқ.
Құзырлы органдармен бірлесіп активтерді қайтарудың методикасы жасалды. Оны әзірлегенде АҚШ, Сингапур, Австралия, Англия, Канаданың озық тәжірибесіне сүйендік.
Бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесінде 60 млн. доллар тұратын мүлікке тыйым салынды. Қазір оларды қайтаруға күш салып жатырмыз.
Он екінші жоба – «Әділ сот төрелігі».
Жыл сайын соттар 400 мыңға жуық азаматтық дауды қарайды. Жеңілген жақ сотқа да, «протест келтірмедің» деп прокурорға да наразы. Бірақ, көп жағдайда, бұл олардың кемшілігі емес. Олар заң шеңберінен шыға алмайды.
Соттардың шешімі әрі заңды, әрі әділ болсын деген мақсатпен 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Жоғарғы Сотпен бірге арнайы жобаны іске асырудамыз. Мақсат – түрлі келісім-шарт жасаған кезде жұрттың алданып қалмауы үшін заңнамаға жаңа механизмдер енгізіп, алаяқтарға тосқауыл қою.
Халықтың ең көп шағымданатын мәселелері – банк қарыздары мен жер даулары. Осы категориядағы істерді талдап, біз Жоғарғы Сот және Әділет министрлігімен бірге заң жобасын әзірледік. Ол қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Бұл жобаның екі ерекшелігін атап өтейік.
Біріншіден, мемлекет мұқтажына алынатын жерлер. Қазіргі заң бойынша ондай жерлерге компенсация кадастрлық баға бойынша төленеді. Біздің ұсыныс - жерлерін мемлекет алып қоятын азаматтарға оның нарық бағасын өтеу.
Банк қызметтерін де халыққа барынша жеңілдету қажет. Мысалы, қазір алимент төлейтін адамда қарыз болса, банк оны ештеңеге қарамастан автоматты түрде өз мүддесіне өндіріп алады. Соның кесірінен алимент төленбейді. Бұл дұрыс емес. Кредиттер бойынша банк комиссиясын алып тастауды, мүлкі жарты жылдан астам кепілде тұрған борышкерлерге пеня есептемеу де ұсынылып отыр. Заң жобасы Үкіметте қаралуда.
Әрине, заңның кемшіліктерін бірінші сезінетін мемлекеттік органдар емес, жай азаматтар. Сондықтан Бас прокуратура сайтында азаматтардың сын-пікірлері үшін арнайы бөлім ашылды. Оған 30-дан астам ұсыныс келіп түсті. Әділет министрлігі топ құрып, оларды зерттеп жатыр.
Он үшінші жоба – Азаматтарды қабылдау орталығы мен Құқық қорғау қызметтері орталығы.
Елбасымыз айтқандай, жұмысымыздың басты критериі - халық сенімі. Бізде бұдан басқа миссия жоқ. Ал, халық сенімі дегеніміз құр сөз емес, нақты іс-қимыл - адамдардың сұрағына түпкілікті жауап беру, проблемаларын тыңдап, жол көрсету, жөн сілтеу.
Бұл бағытта жасалған бірінші қадам – Азаматтарды қабылдау орталығы. Оны 3 ай бұрын аштық. Прокурорлар күн сайын адамдарды қабылдап, тіпті сотқа арызын да жазып беруде. Мұндай орталық біраз өңірлерде құрылды. Жыл соңына дейін барлық облыстарда болмақ.
Келесі қадам - Құқық қорғау қызметтері орталығы. 21 шілдеде Бас прокуратура орталығының тұсакесері жасалды. Бұл ЦОН сияқты. Бірақ, тек құқық қорғау қызметтері бойынша. Құқық қорғау саласында жұрттың сұрағы көп. Соларға жеңіл, түсінікті тілмен жауап беру, көмектесу – Орталықтың басты міндеті.
Ол жерде тек прокурорлар ғана емес, құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар да қызмет көрсетеді.
Он төртінші жоба – кадрларға қатысты.
Бұл біздің ақсап тұрған жеріміз. Назарбаев Университет, ПрайсУотерХаус, Деллойт халықаралық компанияларымен бірге қызметке қабылдау тәртібін өзгерттік. Кадрларды жаңа әдіспен қабылдап жатырмыз. Танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деген қалыптасқан көзқарасты өзгерттік.
2016 жылдан бері екі конкурс өтті. 1839 кандидаттың ішінен тек 126-сы жұмысқа қабылданды. Соның алтауы Проектный офисте.
Ендігі жоспар - кадрларды іріктеудің бірыңғай орталығын құру. Оның міндеті – мықты мамандарды іріктеп, жұмысқа қабылданған әрбір прокурордың жан-жақты дамуына, алға ұмтылуына жағдай туғызу.
Он бесінші жоба – «Бейнеесептер».
Осы жылдан бастап есеп берудің жаңа формасын енгіздік. Басшы прокурорлар жылына 2 рет видео арқылы есеп береді. Оның артықшылығы - кімнің қандай үлес қосқанын, қандай нәтижеге қол жеткізгенін анық көруге болады. Прокурор жергілікті халық үшін маңызды қандай проблеманы шешті, ол үшін нақты не істеді деген сұраққа жауап береді.
Ал, қағазда ол мүмкін емес. Енді бұрынғыдай бос сөзді көбейтіп, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, жаза беру тоқталды. Сондықтан бейнеесептерге қатаң талап қойдық. Уақыты жағынан да, мазмұны жағынан да шектеу жасадық. Роликтер жинақталған арнайы портал іске қосылды. Қазір ол порталда 290 ролик тұр. Барлығына әділ бағасын бердік.
Ең үздік баллға ие болған - Екібастұз қаласының прокуроры, Глубокое ауданының прокуроры, Бас әскери прокурор, Астана авиация прокуроры.
Ең нашар есептер – Шортанды, Аққөл, Сарқан, Зайсан аудандарының, Риддер қаласының прокурорлары.
Осы практиканы әрі қарай жалғастырамыз.
Он алтыншы жоба – Азаптаумен күрес.
Мұндай қылмыстарды адам құқығын қорғауға міндетті тұлғалар өз билігін асыра пайдаланып жасайды.
Қылмысты тез ашамыз деп олар айыпталушыны ұрып-соғады, қинайды, арын аяққа басады. Жыл сайын осындай 700-ге жуық арыз тіркеледі. Соңғы 5 жылда 140 құқық қорғау қызметкері сотталған.
Осы жағдайды түбегейлі өзгертейік деген мақсатпен «Азаптаусыз қоғам» деген жаңа жобаны бастадық. Төртінші түрме форумын осы тақырыпқа арнадық. Іс-қимыл жоспарын бекіттік.
Нәтижесі қандай?
Полиция бөлімшелерінде жауап алынатын кабинеттер әйнектен жасалсын, бәрі көрініп тұрсын деген талап қойдық. Бұл жұмыс Астанада басталды. Облыс және аудан орталықтарында 51 осындай ашық кабинеттер іске қосылды.
Оған қоса полиция органдарына жеткізілген адамдарды тіркейтін электронды журналды жетілдірілуде. Барлық колонияларда прокурорлардың кабинеттері ашылды.
Азаптауға қарсы күреске арналған заң жобасы әзірленді. Оны превентизм механизмі жайлы ілеспе заңға енгізсек деп отырмыз.
Он жетінші жоба – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы.
Бұл ашық айтылмай жүрген проблема. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың негізгі себебі - отбасындағы жағдай. Зорлық көрген аналар, жәбірленген балалар.
Парламент депутаттарын, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, министрліктерді шақырып, өткен жылдан бері екі рет үлкен талқылау жасалды. Құзырлы органдардың кемшіліктерін ашып көрсетілді. Жоспар бекіттік.
Енді сол ұсыныстарды жергілікті жерде тексеріп көру мақсатында Әйелдер және отбасы-демографиялық істері жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірге 5 маусымнан Оңтүстік Қазақстанда пилоттық жобаны іске асырып жатырмыз.
Штаб құрып, Шымкент қаласы мен Сарыағаш аудандарынан бастадық. Бас прокуратурадан 2 қызметкер – Салтанат Тұрсынбекова мен Мақсат Сқақты сонда жібердік.
Республика бойынша алғаш рет отбасы істері басқармасы құрылмақ. 18 шілде күні облыстық мәслихат депутаттары сондай шешім қабылдады. Енді қаржы мәселесін жақын арада Қаржы министрлігі бекітеді деп отырмыз. Осы мәселе шешілсе, отбасы саласындағы проблемаларды қарайтын орган пайда болмақ. Мұндай мекеме біраз дамыған елдерде бар. Осындай дербес құрылым біздің қоғамға да қажет екені айқын.
Алдымен жәбірленушілердің проблемасына назар аударылды. Өйткені, олар көп жағдайда мұңын кімге айтарын, қайда барарын білмейді. Әсіресе, ауыл тұрғындары.
Шымкент пен Сарыағашта әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін 2 орын ашылды. Жергілікті әкімшіліктер қаржы мен ғимарат бөлді. Бұл да елімізде бірінші рет.
Оған қоса «бұзақылармен» жұмыс істейтін 2 орталық іске қосылды. Онда алғашқы рет зорлық-зомбылық жасаған 150 адам жақын арада психокоррекциялық түзетуден өтетін болады.
Әрине, зомбылықтың салдарымен күрескенше, оның алдын алу әлдеқайда тиімді.
Осы проблемаларды талқылағанда жас жұбайларды отбасылық өмірдің қыр-сырын үйрету керек дегенбіз. Сол бастама жалғасын тауып, 200 жас жұбай дайындықтан өтті. Оларға түрлі саладағы мамандар күйеу мен жұбайдың міндеттері, бақытты некенің құпиясы, қалай сыйласу керек, басқа да тақырыптарға тренинг ұйымдастырды.
Ақпарат жұмыстарымен бүкіл облысты қамту үшін 300 тренер дайындалды. Олар аудандарға барып, әрі қарай тренингтер өткізуде.
Одан бөлек, мыңдаған адамға медициналық, әлеуметтік көмек көрсетілді. Науқастарға емделуге, балаларға лагерьге жолдама берілді.
Алдағы кезеңге жоспар – Елбасының тапсырмасына сәйкес цифрлық технологияларды енгізу. Цифрлық технологияларға көшсек, қоғамның жанына батып жүрген біраз проблемаларды шешеміз. Олар өздігінен жойылады. Осыған қатты мән беруіміздің себебі сол.
Енді прокуратура қызметкерлерінің басым бөлігі қылмыстық процеске бағытталмақ.
Жаңа Заңға сәйкес ішкі құрылымды өзгерттік. Бұрын орталық аппаратта 11 департамент болса, қазір бесеу. Облыстарда 14 құрылымның орнына жетеу, яғни 50 пайызға қысқарды. Бас прокуратурада басшылық қызметте 51 адам болса, олар 35-ке азайды. Облыстық аппаратта 16 бастық болса, қазір 10.
Аталған шаралар Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасын, Қазақстан халқына Жолдауын, басқа да тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізілуде.
Алда тұрған міндеттерді сапалы, уақытылы іске асыру үшін өзімізге жоғары талап қойып, қоғам мен мемлекет мүддесінің шын жанашыры болатын, жаңа заман талаптарына жауап беретін заманауи, мобильді прокуратура құрумыз қажет.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі