Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жасап, халыққа ұсынғаны белгілі. Басты біздің мақсат осы жоспардағы 100 тапсырманы тыңғылықты орындап, дамыған 30 ел белесін бағындыру. Президент «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының 23-қадамында инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін Инвестициялық алқаны ұйымдастыруды тапсырған болатын. Бес институционалды реформаның ұсынылғанына көп уақыт өтпесе де, бағыты айқын бұл бағдарлама еліміз үшін өз жемісін беруде. Міне, берекелі жоспардың нәтижесінде, санаулы уақыт ішінде инвеститциялық ахуалды жақсарту мақсатында іс қолға алынып, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды шешетін мамандандырылған алқалар құрылды. Жоғарғы Сот жанынан құрылған мұндай инвесторлық алқаға бiлiктiгi жоғары, заң саласының жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі жетi судья мүшелiк етедi. Олардың еңбек өтiлдерi 15 жылдан жоғары. Бір айта кететіні, олар инвесторлық дауларды өздігінен шеше салмайды, яғни халықаралық стандарттарға сүйене отырып, зерделеп істің түйінін шешедi. Қолға алынған мұндай үлкен іс болашақта шетелдiк iскер азаматтардың елімізге деген қызығушылығын арттыратынына сенiмдіміз.
Кейде уақыттың өзі ненің қажет, ненің қажет еместігін өз-ақ реттеп беретіні бар. Яғни, әр кезеңде өмір өз талабын туғызып отырады емес пе?! Сондықтан, осынау жаһандану заманында экономикалық жан жақты байланыстарды күшейту, инвеститциялық тартымдылықты арттыру еліміз үшін қажет деп білемін. Инвеститциялық жүйенің ерекшелігі сот процестерін қысқа мерзімде, жеңілдетілген жағдайда жүргізуге жол ашу. Қазіргі таңда инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвеститциялық дауларды шешу, инвесторларға арналған салық артықшылықтары, инвесторлар және төрелік туралы заңнамаларды жетілдіру басты назарда. Жалпы инвесторлардың қатысуымен қаралатын даулардың негізгілері; салықтық, кедендік, жер қойнауын пайдалану, қоршаған ор¬таны, зияткерлік меншікті, бәсекелестікті және табиғи монопо¬лияларды қорғау дулары болып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде«Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет», - деген еді. Бүгінгі күнге дейін осы бағытта Жоғарғы Сот тарапынан игілікті шаралар атқарылып, инвеститциялық соттар жұмыс жасайтын шетел тәжірибесін оқу, үйрену қолға алынып, оны қолдану тәжірибе барысында талай сыналып үлгерді. Сондай-ақ, Жоғары Сот пен Ұлттық Банктің бірлескен делегациясы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сингапур Республикасына жұмыс сапарымен болғаны да есімізде. Бұл жерлерде әріптестеріміз инвестициялық дауларды шешудің және қаржы орталықтарын дамытудың шетелдік тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алды.Сонымен қатар, бұл жерлерге сапар барысынан инвеститциялық даулар саласын реформалау, қазылардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелері де тысқары қалмады. Инвеститциялық дауларды шешетін мамандандырылған алқаларды құру арқылы еліміз талай белесті бағындырып, сапалы жетістікке жететінімізге күмән жоқ.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы тапсырмаларды орындау арқылы сот жүйесі, заң саласы үздіксіз даму үстінде. Қорыта айтқанда, сот жүйесін серпінді түрде жетілдіру, құқықтық реформаларды құру, құқықтық негіздерді нығайту арқылы халықтың сотқа деген қолжетімділігін арттырып, азаматтардың заңға деген сенімін орнатып, табысты нәтежелерге қол жеткізе аламыз.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Г. СҮЙЕУОВА