Бірінші жартыжылдықта Маңғыстау облысында менингококк инфекциясының екі жағдайы тіркелген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты мемсанэпидбақылау өңірлік департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттің айтуынша, менингококк инфекциясы Ақтау мен Түпқараған ауданында тіркелген.
Облыста менингококк инфекциясы соңғы рет 2021 жылы 2 рет: Мұнайлы ауданы мен Ақтауда тіркелген еді,- деді мемсанэпидбақылау өңірлік департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, менингококк инфекциясы — бактериялар тудыратын жіті инфекциялық ауру, ол әртүрлі клиникалық белгілермен – симптомсыз тасымалдаушылық, назофарингиттен (мұрын мен жұтқыншақ сілемейлі қабығының қабынуы) бастап менингококк сепсисіне (қанның жұғуы) дейін ұласады.
Инфекцияның басты белгілеріне кенеттен болған қатты бас ауыру, құсу жатады. Сонымен қатар 6-15 сағаттан кейін бөртпе пайда болады және температура 39-40°С-қа жетіп, адам қалтырайды. Терінің бозаруы, жалпы әлсіздік, арқаның және аяқ-қолдың сырқырауы да менингококк инфекциясының белгілері. Науқас адам тез шөлдеп, тәбеті нашарлайды. Кейде «зиянсыз» ауруларға ұқсас болуы да мүмкін. Тоңу, ауыру, қатты шаршаудан организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі сияқты қолайлы жағдай пайда болғанда менингококк бас миының қабығына тез өтеді және қабынуды тудырады. Сондықтан инфекцияның алғашқы белгілерін байқаған болсаңыз – бірден дәрігерге жүгініңіз!