Маңғыстау облысында қызылша ауруына күдікті 48 жағдай тіркеліп, науқастардан алынған қан сынамаларын зертханалық талдау нәтижесінде 36 жағдайда «оң» нәтиже анықталды деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
- Қызылша – ауа – тамшылы жолымен жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2- 4-ші күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығуымен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуымен басталады. Қызылшаны науқаспен қарым – қатынаста болған қызылша ауруына қарсы екпе алмаған адамдар жұқтыруы мүмкін,-дейді өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
Облыста 2015 жылы – 292, 2019 жылы – 1 422 және 2020 жылы – 361 жағдай тіркелген. Мамандардың айтуынша, қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация.
Айта кетейік, қазір облыста 16 396 доза қызылшаға қарсы екпе бар. Тұрғындар қосымша ақпаратты тіркелген ауруханаларына барып біле алады.