Бүкіл әлемдегі сияқты, біздің елімізде де АИТВ инфекциясымен тіркелетіндер азайып жатқан жоқ. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы профилактикалық және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Жамиля Махамбетқалиева жеткізген мәліметке сүйенсек, алғашқы алты айда АИТВ инфекциясымен 43 адам тіркелген. Олардың 37-сі–Қазақстан Республикасы азаматтары, алтауы шет елдер азаматтары. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, осы кезеңде 45 жағдай тіркеліп, оның төтреуі шет елдер азаматтары, 41-і–Қазақстан Республикасы азаматтары. Осы мәліметке көз жүгірте отырып, қазақстандықтардың АИТВ инфекциясымен тіркелуі 4 жағдайға төмендегенін байқадық.
-АИТВ-инфекциясы Маңғыстау ауданынан басқа облыстағы қалалар мен аудандардың барлығында тіркелді,-дейді Жамиля Әбдіқадырқызы.-Тіркелген жағдайлар әйелдерге қарағанда ер азаматтар арасында 2 есе көп анықталған. Анықталған АИТВ инфекциясын жастары бойынша талдайтын болсақ, негізінен 15-59 жастар аралығында тіркелді. АИТВ инфекциясының жас шамасы бойынша 15-49 жас аралығында тіркелген жағдайларға көп көңіл бөлінеді, өйткені адамдардың бала көтеруге қабілетті жас болып саналады. Қабылданған критерии бойынша АИТВ инфекциясының 15-49 жас аралығында таралуы облыста 0,11% көрсетті, яғни 0,12% критериден асқан жоқ.
Маманның айтуы бойынша, инфекцияның жұғуы әлеуметтік жағдайға байланысты емес. АИТВ инфекциясын жұқтырудың 73%-ы жұмыс істейтіндер, 22%-ы жұмыс істемейтіндер арасынан табылуы осының дәлелі болса керек. Инфекцияның жұғу жолдары да әр түрлі.
-Облыста АИТВ инфекциясына тексерілген адамдардың саны 4,2 % көбейді. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №211/2020 бұйрығына сәйкес, жүкті әйелдердің серіктері АИТВ инфекциясына тексеріліп жатыр,-деді Ж.Махамбетқалиева.-Жүкті әйел жүктілігі бойынша есепке алынған кезде, серіктері АИТВ инфекциясына бір рет тексерілсе, жүкті әйелдер жүктілігі кезінде 2 рет тексеріледі, яғни есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28-30 аптасында. Жүкті әйелдер мен олардың серіктерінің АИТВ инфекциясына тексерудегі мақсат–АИТВ инфекциясын ерте анықтап, анадан балаға вертикальды берілу жолының алдын алу. 2023 жылы тексеру барысында жүкті әйелдердің серіктерінің арасында 3 адамда АИТВ инфекциясы анықталса, жүкті әйелдер арасында 1 жағдай анықталды. Олар уақытында диспансерлік есепке алынып, антиретровирустық ем қабылдады. 2021 жылдан бастап облыстық ЖИТС орталығында қатынасқа дейінгі алдын-алу шаралары енгізілді. Қатынасқа дейінгі алдын-алу шаралары- бұл АИТВ инфекциясының халықтың негізгі топтары арасында, дискордандық жұптар, яғни бір серігінде жұқпа болмаған кезде жүргізіледі. Негізгі мақсат–АИТВ инфекциясының жыныстық және парентеральдық жолмен берілуінің алдын-алу. 1994 жылдан биылғы 30 маусымға дейін облысымызда 609 АИТВ инфекциясы анықталған. Оның ішінде шетел азаматтары–112 (18,4%), азаматтығы жоқ адамдар-3 (0,5%), анонимді-2 (0,3%), Қазақстан Республикасы азаматтары арасында-492 (80,8%).
Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетел азаматтарына АИТВ инфекциясына тексерілу тегін екенін қаперге берді. Талдауды тұрақты мекен жайында тіркелген емханада немесе ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығында тапсыруға болады.
Тегін кеңес алу және АИТВ инфекциясына тексерілу үшін Ақтау қаласы, 3 шағын аудан, 170-ғимаратқа келуге немесе байланыс телефонының 50-73-62 номері арқылы хабарласуға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА