Облыста жыл басынан жіті вирусты «А» гепатитке 25 адам, «В» гепатитіне 1 адам шалдыққан. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинкте өңірлік Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлфара Каримова мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі.
Биыл тіркелген науқастар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Биыл 26 науқас тіркелсе, 2022 жылдың алты айында вирусты гепатитпен 5 адам (гепатиттің «А» түрімен—4, гепатиттің «В» түрімен – 1) ауырған.
«Әлемде вирусты гепатиттің 19 түрі белгілі, Маңғыстауда 5 түрі кездеседі, олар – А, В ,С, Д және Е. Соның ішінде, «А» және «Е» гепатиттерінің алдын алу үшін қарапайым тазалық тәртібін және жеке бас гигиенасын, тамақтану гигиенасын, тұрмыстық гигиенаны сақтау қажет», - деді Гүлфара Каримова.
Сондай-ақ брифингіде Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева «А» вирусты гепатитінің таралу себебі, клиникасы мен алдын алу шараларына тоқтала отырып, аурудан сақтанудың ең басты жолы екпе алу екенін айтып өтті.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім болуына байланысты облыс көлемінде вакцинация жұмысы күшейтілді»- деді Бибізада Дүйсенбаева.