Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургы Жақсылық Сахипов аптасына әр түрлі деңгейдегі оннан астам ота жасайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандығы адалдықпен қарайтын маман әр отаны жасау барысында жауапкершіліктің жүгін сезінетінін айтады.
«Мектеп қабырғасында мамандық таңдау барысында жіті зерделедім. Бастапқыда өрт сөндіру яғни, азаматтық қорғаныс саласына немесе мемлекеттік қызметке барсам деген ой болды. Ойлана келе, 11-сыныпта медицина саласына баруды жөн деп шештім. 2010 жылы Астана қаласындағы медициналық университетке оқуға түсіп, онда 7 жыл оқыдым. 2017 жылы Алматы қаласындағы медициналық университетке грантқа оқуға түсіп, 2020 жылы аяқтадым. Осы уақыт аралығында №1 қалалық балалар ауруханасында балалар хирургы, резидент болып жұмыс істедім. Кейін Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жұмысқа орналастым», - дейді Жақсылық Сахипов.
Жақсылық Мұсаұлы сүйікті кәсібіне адалдық пен ізденіс нәтижеге жеткізер жол екенін де атап өтті.
«Біз көбіне шұғыл оталарды жасаймыз. Жұмсақ тіндерге, сүйек қабынуы, іріңді ауруларға, іш қуысына, кеуде қуысына әр түрлі деңгейлі аптасына 10-ның үстінде ота жасаймыз. Кейде бір түннің өзінде 4-5 ота жасайтын уақыттар болады. Травматология, нейрохирургия бөліміндегі операцияларға екінші хирург ретінде қатысамыз. Сонымен қатар, нәресте денсаулығындағы туабітті ақауға байланысты жасалатын отаға көмектесеміз. Дәрігер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кейде күрделі оталар 4-5 сағат созылады. Әрине, отаның бәрі сәтті өтеді үзілді-кесілді айта алмаймын. Түрлі жағдайлар орын алады. Дегенмен, таңдаған мамандығыңды сүю қажет. Сол кезде, бәрі жақсы болады. Әлі де алатын тәжірибеміз өте көп»,- деді хирург Жақсылық Сахипов.
Білікті маман Жақсылық Сахипов дәрігерлер әулетінен шыққан хирург. Оның анасы гастроэнтролог болса, нағашы атасы Барахат Абаев Маңғыстау және Бейнеу аудандарында қызмет еткен жоғары санатты хирург, бас дәрігер лауазымдарын атқарған жан.