Жаз маусымы басталғалы облыста 20 сальмонеллез ауруы тіркелді. Науқастардың басым бөлігі - әскерилер. Ал балаларда жұқтырудың тағы екі жағдайы анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты mangystautv.kz сайтына сілтеме жасап.
- Ауру сарбаздар арасында сәуір айында тіркелген. Алдымен 13 жағдай тіркелсе, кейін ауру тез таралып, науқастар саны 20-ға өсті. Ағзаға сальмонелла бактериясы енген соң дене қызуы көтеріліп, іші ісіп, құрысып қалады, содан кейін антибиотикті қабылдағаннан кейін 1 апта ішінде адам қалпына келеді. Мысалы, ауру адам қоғамдық тамақтандыру қызметкері болса, тамақ пісіру кезінде басқаларға да жұқтыруы мүмкін, – дейді Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
Санитарлық эпидемиологтар қоғамдық орындарда азық-түлік өнімдерін, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөністі сатып алғанда, оның құрамы мен жасалу мерзіміне, сыртқы түріне ерекше назар аудару керектігін еске салады.
Сальмонеллез - бұл сальмонелла тобына жататын көптеген қоздырғыштарды тудыратын жіті ішек ауруы. Ғалымдар сальмонеллалардың 700-ден астам түрін анықтады. Олар қоршаған ортаға төзімді, төмен температурада ұзақ сақталады. Ауру қоздырғыштары тағамда, әсіресе жұмыртқада, сары майда, сүтте және ет өнімдерінде тез көбейеді.