©
Ауырмайтын пенде жоқ. Кішіміз де, үлкеніміз де сырқаттанып қалсақ дереу 103 санын теріп, жедел жәрдем шақырамыз. Дәрігер ауырған жерімізді тәптіштеп сұраса, айыққандай күй кешетініміз тағы бар. Десе де, көпшілік ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдайды бастан кешетінін біле бермейді. Жедел жәрдем саласында 36 жыл бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан аға фельдшер Ажар Әбдіқалиева медициналық жәрдем стансасына байланысты мынадай түсінік береді: - Жаңаөзен қаласындағы жедел жәрдем станциясы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының - «Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК балансына қарайды. Яғни, бұл дегеніміз басшылық Ақтау қаласында орналасқан. Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы - тәулік бойы дамылдамай, тұрғындарға қызмет көрсететін мекемелердің бірі. Бүгінде мұнда 7 бригада жұмыс істейді. Күнделікті 10-11 санитарлық көлік шақыруға барады. Күн-түн демей жұмыс істейтін станса тәулік бойына шамамен 170-ке дейін шақыру қабылдайды. Әсіресе, түскі сағат 12.00-ден түнгі сағат 22.00-ге дейінгі мерзім - шақыру қоңыраулары үздіксіз соғылатын нағыз қарбалас шақ. Станцияда 133 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 75 фельдшер, бөлім меңгерушісі Асылбек Раметов және дәрігер Сара Орынбаева. Жүргізушілер - 44. Қазіргі таңда стансаның техникамен қамтамасыз етілуі жылдан-жылға жақсарып келеді. Алдағы уақытта тағы да қосымша санитарлық автомашиналар сатылып алынып, жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігі мәселесі біржола шешіледі деп күтілуде. Қала тұрғындарының саны көбейген сайын жедел жәрдемге жүгінетіндердің қатары да соғұрлым артады. Кәсіби шеберлікті ғана емес, жылдамдық пен төзімділікті қажет ететін бұл сала - кез келгеннің қолынан келе бермейді. Әлбетте, тәулiк бойы дамылдамай, аяғынан тiк тұрып, шақыруға қызмет ету - оңай шаруа емес. Осыған мойымағандар ғана жедел жәрдемге жұмысқа келеді. Алда атқарылатын игі жоспарлар көп. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Тағанбай Насақұлов қалалық жедел жәрдем станциясында 35 жыл бойы еңбек етіп келеді. Сонау Хожелі қаласындағы орта мектепте оқып жүргенде Тағанбай «өзге адамдарға» көмектесемін деген арманы болатын. Арманын жүзеге асыру үшін Нүкістегі медициналық училищеге түсіп, фельдшер мамандығын алып шықты. 1978 жылы Германияға әскерге аттанып, одан әрі 1979 жылы Ауғанстандағы Құндыз қаласында әскери борышын өтеді. 1984 жылы Жаңаөзенге қоныс аударып, жедел жәрдемге жұмысқа орналасты. Содан бері де 35 жыл өтіпті. Бүгінде Тағанбай Еркінбайұлы еңбегі бағаланып, «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Сондайақ, ол Ауған соғысының ардагері. Жұбайы Валя Бердімұратова екеуі Гүлсінай, Серік, Күмісай, Алтынбектей ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған ардақты ата-әже. «Жедел жәрдемде қызмет ету оңай емес. Күн сайын жан шошырлық оқиғаның сан мәрте куәсі боламыз. Бастысы дәрігерлер әрқайсысы қайсарлық пен сабырлық танытып, ауру адамға дәрігерлік көмек көрсетуге тырысады. Себебі, тұрғындардың денсаулығына жауап беру, алғашқы медициналық көмек көрсету біздің борышымыз. Қызмет барысында талай қызық және қиын сәттер болды. Жедел жәрдем көлігінде бірнеше рет жүкті әйелдерді босандырып алған сәттер де болды», - дейді Тағанбай. Жұмысына тиянақты, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, дәрігерлік антына адалдығы мен науқасқа деген жанашырлық ниетін көргенде Тағанбай Еркінбайұлына қалай сүйсінбейсің. Жедел жәрдем станциясында бөлім меңгерушісі қызметіндегі Асылбек Раметов Өзбекстан Республикасы, Бұхара қаласындағы медициналық институттан емдеу ісі бойынша білім алған. 1987-88 жылдары Сирияда әскери борышын өтеді. Әскерден оралған соң Шоманай қаласындағы емханада алғашқы еңбек жолын травматологтан бастаған. 2003 жылы мұнайлы қалаға қоныс аударып, содан бері жедел жәрдем станциясында дәрігер қызметінде. Абыройлы қызметі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Жұбайы Венера Аяпова да білікті көз дәрігері болып №2 емханада еңбек етеді. Отбасында үлкен ұлы Темірбек Алматы қаласында машина жасау технологиясы бойынша білім алып жатыр. Ақмаралы медициналық колледжде 2 курс студенті. Толғанайы мен Жансерігі - мектеп оқушылары. Тіршілігі қым-қуыт қала өмірінде тұрғындар жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Тәулік бойы тыным таппайды. Әр күні сын сағатқа толы «103» қызметкерлері жұмыспен қатар, қоғамдық, мәдени, спорттық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.Гүлсім ОСПАН