©
Самның Самбайы
Берекелі Бейнеудің өткен тарихына үңілсек, бұл жерде алғашқы аурухана 1964 жылы құрылған екен. Мақат-Ақтау және Бейнеу-Қоңырат теміржол құрылысы жүруіне байланысты теміржолшыларға медициналық көмек көрсету барысында теміржол ауруханасы ашылып, жұмыс істеген. Оған жан-жақтан мамандар келген. Маман дәрігерлердің көпшілігі жолдамамен келген өзге ұлт өкілдері еді. Жергілікті мамандар саусақпен санарлық қана болған. Солардың бірі - Самбай Қилыбаев. Ол 1965 жылы осы жерге келіп, шағын ауруханада дәрігерлік қызмет атқара бастайды. Кейін бас дәрігер болып, шағын аурухананың кереует санының көбейіп, қызмет көрсету аясының кеңеюіне, жедел жәрдем және басқа да медициналық көмек сапасының артуына қажетті мамандармен қамтылуына баса назар аударып, ұйымдастырушы болған дәрігер.
Самбай Қилыбайұлы - Маңғыстаудың төл перзенті. Сондықтан ол туған жерінің түлеуіне өз үлесін қосқан жергілікті маман. Ол Гиппократ антына адалдығын танытып, қабылдауына келген адамды алаламаған, алдамаған. Кім де болса оған қолынан келген көмегін көрсетуді мақсат еткен жанашыр жандардың бірі болған. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде бейнеулік ақын Уайс Қайралапов Самбай өмірден өткен кезде арнаған аза жырында:
Азамат ең елім деп егілетін, Халқыңның керегіне жегілетін. Бұйымымыз тіреліп бара қалсақ, Мейірімің мол еді-ау төгілетін. Жоқ еді сенде кісі таңдау деген, Күн көрген жоқсың жанды алдауменен. Керексізді ысырып кейінгіге, Өмір кештің жақсыны таңдауменен, - депті азамат бейнесін сомдап.
Жасынан-ақ жақсылыққа жаны құмар болып ержеткен Самбайдың халық үшін жасаған жұмысына, адамгершілік қасиетіне баға беріп, пікір білдіргендер де көп. Ол туралы «Алғыспен өткен ғұмыр» атты кітапта заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтан бастап Самбаймен ауылдас болып, бірге өскен қатар-құрбылары, қызметтес болған дос-жарандары, республикаға танымал білікті медицина мамандары, медицина ғылымының докторлары жақсы пікірлерін айтып, жылы лебіздерін жазған. Көз көргендері көңілдеріндегіні жеткізіп, ауылдастары көрген-білгенін айтудан қалыс қалмаған.
Осы орайда белгілі журналист Ғалым Әріп 1992 жылғы 31 наурыздағы «Маңғыстау» газетінде «Әрине, игілікті іс оны жалғастырушыларға да байланысты ғой. Самбай Қилыбаевтан кейін теміржол ауруханасына бас дәрігер болып, кейін аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болған Көңілімқос Әбілов, Кемел Шадымановтың нәтижелі жұмыстарын атап айту керек» деп жазыпты Самбай жайлы естелігінде. Және де осы естеліктің жалғасында «Бұл Сәкең дертке дауа іздеп жүгінетін, арқа сүйер діңгегіміз деген әлеуметтің жанына қатты батты. Бейнеудегі қарашаңырағындағы садақасында Сыңғырлау ауылының қадірменді ақсақалы Шалқыбай Тәуекеловтың «Самбай мен Кемел көзі тірісінде көп адамның ғасыр жасап, ала алмайтын алғысына ие болды» дегені бар. Халықтың өзінің ізгі ұлына деген құрметі де осыдан көрініп тұрғандай», - деп жазған. Осы пікірлерге қарағанда Самның Самбайы дәрігерлік қызметімен халқына қадірлі болған азамат екендігіне көз жеткізуге болады. Қалай десек те өскелең ұрпаққа өнегелі өмір жолын үлгі етіп, құрметтеуге тұратын азамат, алғашқы жергілікті маман болатын.
***
Кезінде Кемел Шадыманов өмірден озғанша теміржол ауруханасында ұйымдастырушылық қызметімен танылған білікті дәрігерлердің бірі болған екен.
Осы ретте Кемел Шадымановтың өмір дерегіне тоқталып өтсек, ол 1943 жылы Шайыр ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Таушықта онжылдық мектепті үздік бітіріп, орта білім алған соң Ресейдің Астрахань қаласындағы Луначарский атындағы медицина институтына оқуға түседі. Жоғарға оқу орнын қызыл дипломмен бітірген жас маман туған жеріне оралып, еңбек жолын қарапайым дәрігерлік қызметтен бастайды. Өзінің білімділігінің арқасында ел-жұрттың алғысын алып, мекеме басшылығына дейін көтерілген. Таушықта бала дәрігері болып жұмыс істеп, 1967 жылы Бейнеу ауданының бас дәрігері қызметіне ауысады. Еліне танымал, атақты дәрігер атанды. Дәрігерлік көмекке жүгінген жанның бәрін үлкен-кішісіне қарамай, мейірімділікпен кәсібилік тұрғыдан жылы шыраймен қарап, ем-домын берген. Еліне еткен еңбегі еленіп, бірнеше медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталған. «Кеңестер одағының денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иегері.
«Кемел Шадыманов өте сауаттылығымен, үлкен жүректілігімен көзге түсіп, науқас біткеннің дертін жазған» дейді «Кемел Әбдіұлы Шадыманов» атты естелік кітапта. «Кемелдей адам жоқ. Жаны жұмсақ, жүрегі жылы адамгершілігі мол адам еді», - деп еске алыпты жары Лиман.
- Мен үшін ондай адам жоқ. Ұқыпты, бауырмал, жанашыр, ең жақсы жан, - деп әңгімесін одан әрі жалғастыра түскен Лиман апай Анар Шамшадинованың жазған естелігінде.
Шындығында да, адамның адамгершілік қасиетін онымен бірге өмір сүрген жарынан артық кім білуші еді?! Кемекеңмен бірге қанаттас жұмыс жасаған Лиман апай: «...Ауруханада жұмыс қызу. Науқас көп. Маман жетіспейді. Кемел күндер мен түндердің көп бөлігін жұмыс орнында өткізеді. Әрбір сырқат жанға жанашырлықпен қарап, асқан мейіріммен ем жасау - бұның Алладан қонған қасиеті, кәсіби міндеті. Өткен жолы бір науқас бала келді алдына. Баланың дертіне дауа іздеп, сәбиінің сырқатын жеңуге көмектесуін сұрап, асыл ананың қос жанары жасқа толып тұрды... Кемел іске кірісіп кетті. Кемелдің отаға кіріскеніне 2 сағат болды. Алла сәтін салып, бәрі жақсы аяқталды. Сәби аман қалды... Отадан кейін Кемел көп ойланып тұрмай, аурухана палаталарын аралауға шықты. Ол дәрігерлік көмегі мен мейірімді еміне зәру жандарға қарай асығып кетті..» депті естелігінде. Сондай-ақ Кемекеңмен қатар қызметтес болған ардагер дәрігер Барахат Абаев: «...Кемел Әбдіұлы өзінің қолымен құрған (Бейнеу) аудандық ауруханадан 1980 жылы бұрынғы жасаған тораптық ауруханаға бас дәрігерлікке ауысып кетті. Ол кезде тораптық ауруханаға жаңадан ғимарат салынып, оның материалдық базасы ілгері болатын. Бұл ауруханада Кемел абыройлы қызмет етті. Ізбасар Қыздарбаев, Зәмзагүл Рүстемова, Руслан Бектубаев, Талшын Шынтасқызы, Аманша Меңдігарин сияқты жас дәрігерлерден жақсы ұжым ұйымдастырды. Тораптық аурухана аудан көлеміндегі теміржол бойындағы халыққа, Өзбекстанның Қарақалпақ, Жақсылық станцияларының халқына дәрігерлік көмек көрсетті... » деп еске алады.
Бұл дәрігерлердің денсаулық саласындағы еңбектері жас мамандарға өнеге бола бермек. Сол үшін оларға тиісінше құрмет көрсетілсе артық емес.
Дайындаған Кәрісбай ӘДІЛ
***
Адам өмірінде ерекше із қалдырған - жаны жайсаң, мейірім шуағы төгілген, айырықша адамгершілік қасиетімен өзіне бірден баурап, кім де болса жатсынбай, жанына жақын тартатын жандар болады. Соның бірі менің ұстазым, оташы - дәрігер Көңілімқос Әбілұлы Әбілов еді. Бейнеу ауданының құрылғанына биыл 45 жыл толуына орай кезінде осы ауданның денсаулық сақтау саласына бір кісідей еңбегі сіңген Көңілекең жайлы әңгіме айтуды жөн көріп отырмын.
Мен 1973 жылы Ақтөбедегі мединститутты бітірген соң Маңғыстауға жолдамамен келіп, тамыз айында Бейнеудегі темір жол ауруханасына жұмысқа орналастым. Сол кезде Көңілімқос ағай бас дәрігер болатын. Мені жұмысқа қабылдаған осы кісі. Содан бастап Көңілімқос ағай менің жұмысыма бағыт-бағдар берген ұстазым болды. Ол кісі алғашқы еңбек жолын фелдьшер болып бастап, Ақтөбенің медициналық институтын 1967 жылы бітірген, дәрігерлік тәжірибесі мол хирург еді.
Ауыл тұрғындары мен теміржолшылардың денсаулығын қорғап, әртүрлі аурулардың алдын алу іс-шараларын жүйелі ұйымдастырды. Ол кезде шаршап, шалдығуды білмейтін жас маман күн-түн демей, тұрғындарға қызмет жасай жүріп, өзінің біліктілігімен, ұйымдастыру қабілетімен жоғары орындардағы басшылардың назарына іліккен. Шағын аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуды, төсек санын арттыру мәселелерін қолға алған басшы, көкейтесті мәселелерді көтеріп, жоғары орындарға ұсынып, нәтижесінде 1979 жылы Бейнеудегі теміржол тораптық аурухананың жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. 1984 жылы 3 қабатты аудандық аурухана ғимаратының салынуына да мұрындық болған Көңілекең еді.
Мен ол кісімен 9 жыл жұмыстас болдым. Әдетте, адаммен ұзақ сапарға шығып, жолдас болмасаң немесе бір мекемеде жұмыстас болмасаң, ішкі сырын ұғынып, тану қиын. Мен таныған Көңілімқос Әбілұлы өте сабырлы, салмақты, жанашыр жан. Мені жұмысқа қабылдаған соң үй алуыма да көмектескен еді. Өзі өнерге де жақын, әдебиетті көп оқитын. Кейде жұмысымыз саябырлаған сәтте, ақын-жазушылардың шығармаларын талқылап, пікірлесетінбіз. Көңілекең турашыл, шындыққа жақын болатын. Ауруханада жұмыс жасағанда қатаң талап қоя білетін, тазалық пен еңбек тәртібіне ерекше назар аударатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер басшы болды. Науқастарға ота жасап, үнемі біздерге іс-тәжірибесін үйретумен жүрді. Ұмытпасам, 1978 жылы Бейнеуде Көңілімқос ағай екеуміз және анестезиолог Аманша Меңдіғарин болып, бірінші рет суық қарумен жараланған жүрекке ота жасадық. Сол кезде ауылдық жерде жүрекке ота жасау - ерлікке пара-пар іс еді десек, жаңылмаймыз. Ауыр халде келген науқасқа сын сағаттарда көп ойланып тұрмастан ота жасауға кірісетін тәуекелшілігі мен батылдығы басым екендігін байқап жүрдік. Оның сауаттылығы мен мамандығы тұрғысынан артықшылығын мойындайтынбыз.
Екінші рет атын атамай-ақ қояйын, бір жас жігіттің де жүрегі оқ дәрімен жарақаттанып ауруханаға түсті. Қал-жағдайы өте ауыр болды. Облыстық ауруханаға жеткізуге жағдайы көтермеді. Көңілімқос ағай санаулы минутта тез шешім қабылдап, шұғыл ота жасауға кірісті. Мұндайда адам жаны пышақ жүзінде тұрып, оташының сыналар тұсы осы. Бұл да сәттті шықты. Науқас жағдайы күннен-күнге жақсарып, емдеуден кейін сауығып кетті. Ол кісі де қазір арамызда аман-есен жүр. Осылайша көп науқасқа, өмір сыйлаған Көңілекең; «Тәуекел-әрқашанда батылдықтың бастамасы, жеңіске жеткізеді. Әрқашанда тәуекелге бел буып, іске кірісу керек», - деуші еді.
Иә, шынында да дәрігер «жүрекке қалай, ота жасаймын» деп қорқақтықпен уақыт оздырып алса, науқастың ажал тырнағына ілінуі ғажап емес. Көңілекең сол тәуекелдің арқасында науқас жандарға өмір сыйлаған болатын. Бұл өмір мен өлімнің арасындағы күресте адам жанына араша түскен хирург дәрігердің білімі мен білігінің, іс-тәжірибесінің нақты көрінісі болды. Ол басшы ретінде білімді мамандарды таңдауда еш жаңылмай, білікті кадрлар тобын қалыптастырды.
Аудандық ауруханаға басшы болып барған Көңілімқос Әбілұлы өзі бастап, шалғайдағы малшы ауылдарына іс-сапарға шығып, тұрғындарының денсаулығын бақылау бағытында дәрігерлік бригадаларды ұйымдастырып отырды.
Ол жай ғана оташы - дәрігер емес. Ата-бабасының сирек кездесетін асыл қасиеті қанына сіңген сынықшылығымен де халқына қызмет жасады. Яғни ол халықтық медицина мен ғылыми медицинаны ұштастырып, елге еңбек еткен сан қырлы маман деуге толық негіз бар. Ол білікті, тәжірибесі мол болатын. Сол біліктілігінің нәтижесінде науқастарға диагнозды дәл қоятынын талай мәрте куәсі болдым. Соның бір дәлелі, 1973 жылы ауруханаға дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген науқас бала түсті. Оған Көңілекең «оба ауруын жұқтырған» деп диагноз қойды. Соңынан әлгі науқастың анализдерін Гурьевтегі лабораторияға жіберіп, тексергенде Көңілекеңңнің қойған диагнозы дәл келді. Науқастың ата-анасынан ауру жағдайын сұрағанда баланың бармағын тышқан тістеп, оба ауруын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл Көңілекеңнің білгірлігін көзіммен көрген жағдай еді. Осылайша өмірінің 47 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған ардақты ұстазымның еңбегі елеусіз қалмаған. Ол «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанып, бірнеше мәрте жоғары орындардың мақтау қағаздарымен марапатталған еңбек ардагері болды. Әлгіндей біліктілігінің нәтижесінде жоғары дәрежелі оташы атанған маман еді.
Замандастарына қадірлі, еліне сыйлы болған Көңілімқос Әбілұлы өмірде отбасының тәрбиесіне де көп көңіл бөліп, өнегелі ұл-қыз өсірген асқар таудай әке, ақылшы ата бола білді. Оның тәлім-тәрбиесін көрген ұл-қыздары еліміздің сан алуан саласында еселі еңбек етіп, елге танылып жүрген азаматтар. Әрине бұл да Көңілімқос ағамыз бен Бөпежан жеңгеміздің тәлімді тәрбиесінің жемісі екендігі сөзсіз.
Күнделікті басымыздан өтіп, көзіміз көріп жүргендей, дәрігер болу - оңай шаруа емес. Ол жауапкершілігі жоғары, қиын мамандық. Жұмыста уақытпен санаспайсың. Әрқашан да науқас адамның тағдыры қолыңда болады, сәл мүлт кетсең, соңы өкінішке соғады. Сол себепті дәрігер шұғыл шешім қабылдап, әсіресе оташы - дәрігер, ем-шара қолданбаса - науқас ажал аузында кетуі мүмкін. Ауырып келген адам жанына араша түскен кезде дәрігерге терең білім мен озық іс-тәжірибе қажет-ақ. Сонымен қатар ең алдымен науқастың өмірге деген сенімін арттыратын жылы сөз жанға шипа болады.
Осындай қасиеттерді бойына жиған Көңілімқос Әбілұлындай еңбегімен ел есінде жүрген дәрігерлер құрметке лайықты тұлғалар.
Сондықтан биыл ауданның 45 жылдығы қарсаңында Бейнеу мұражайына аудандық денсаулық сақтау саласының арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, көрініс беретін ауданда алғашқы аурухананың құрылып, жұмыс жасауына атсалысқан аға буын дәрігерлердің өмір деректері қойылса, сол секілді Самбай Қилыбаев, Көңілімқос Әбілов және Шәмшия Меңдалиеваның қызмет атқарған аурухана ғимараттарына ескерткіш тақта орнатылып, көшелерге есімдері берілсе құба-құп болар еді. (Самбай Қилыбаевтің атында көше бар, Кемел Шадыманов қызмет жасаған ауруханаға ескерткіш тақта орнатылған) өмір жолдары өнеге болған дәрігерлердің рухын асқақтатып, аудан халқының көрсеткен құрметі болар еді деп ойлаймын.
Ізбасар ҚЫЗДАРБАЕВ, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, хирург дәрігер