Маңғыстау облысында 1-3 шілде күндері күндіз ауа температурасы 43-46 градусқа дейін ысиды, - деп хабарлаған болатын Қазгидромет орталығы.
Өңір тұрғындарының қала көшелерінде мұндай ыстықта қалай сақтануға болатыны туралы дәрігер маман кеңес берген еді.
«Сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін көшеге шығудан бас тартқан дұрыс. Мынандай ыстықта тіпті сағат 19.00-ден кейін шыққанның өзінде барынша көлеңке жерлерде жүру қажет. Кішкентай балалар ғана емес, үлкен адамдар да міндетті түрде бас киім кигені жөн. Мүмкіндік болса қолшатыр алып жүрген дұрыс. Суды көп мөлшерде ішіп, теңіз жағасында көбірек демалып, суға түсу керек. Теңізге шомылуға барғанда күннен қорғайтын кремдерді денеңізге жағып, өздеріңіздің және балаларыңыздың да денесін күннен қорғауға тырысыңыз», - деді педиатр дәрігер Жадыра Қазиева.
Осынау аптап ыстық күндері аймақта әзірге басы айналып, қан қысымы көтеріліп, құлаған жандар тіркелмеген. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан басыңыз ауырып, қан қысымыңыз төмендеп, басыңыз айналса алғашқы көмекті біле жүрген артықтық етпейді.
«Егер адамның көзі қарауытып, басы айналғанын байқасаңыз, ең бірінші-таза ауаға шығару маңызды. Екіншіден сұйықтықты көп мөлшерде ішу керек. Су, айран немесе компот берген жөн. Лажы болса дене демалатындай табиғи материалдан тігілген киім киген абзал. Ауа жетіспеушілік болса дәрі егіледі. Ал, жедел жәрдем алғашқы көмегін көрсеткеннен соң да күтім болуы керек, яғни, ауаны үнемі тазартып, жеңіл тамақтарды жеп, сорпа ішіп, витаминдерді көбірек жеуі керек»,- деп түсіндірді бас фельдшер Гүлдариғаш Ботагарина.
Шілденің шіліңгір ыстығы әлі алда. Сондықтан өлкеміздің тұрғындарына күн температурасы жоғары болған жағдайда әрдайым қорғанып, абай болғандарыңыз жөн деп кеңес береміз.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН