©
Иммундау – бұл вакцина егу арқылы адамда иммунитетті қалыптастыратын немесе жұқпалы ауруларды қабылдамау иммунитетін тудыратын процесс. Иммундау – өмірге қауіп туғызатын жұқпалы ауруларға қарсы күрес үшін сынақтан өткізілген құрал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауына сәйкес иммундау жыл сайын 2-3 миллионға жуық адамның өмірін сақтайды.
Жер шарында вакцина шығарылғанға дейін жұқпалы аурулардан балалар өлімі және жалпы өлім жағдайы он еседен жоғары болатын. Оба, тырысқақ, шешек аурулары миллиондаған адамдардын өмірін алып кетті. Бірақ бүгінгі күні медицина саласында алдын алу шарасының дамуы нәтижесінде аталған жұқпалы аурулар туралы тек қана медициналық кітаптардан оқып, білуге болады. Бұл жағдайда екпенің еңбегін жоққа шығару орынсыз және мүмкін емес. Сіздің балаңыздың жұқпалы аурулардан екпесіз өмір сүруге шамасы бар, бірақ тағдырды алдауға бола ма? Ата-аналар бүгінгі күнге дейін өз балаларына екпе салдыруға бола ма деп күмәнданады. Себебі дәрігерлер вакцина арқылы қорғауға тырысатын сырқаттанушылар өте сирек кездеседі. Расында, шығарылған вакциналар адамзатты жұқпалы аурулардан сақтау үшін ақылға сыймайтын жетістікке жеткізді. Әлемде жыл сайын миллиондаған адамның өмірін алатын шешек ауруы толығымен жойылды. Полиомиелит ауруы да жойылды, қызылшаны жою жалғасуда. Дифтерия, қызамық, көкжөтел, эпидпаротит және басқа да қауіпті жұқпалы аурулар жүз тіпті мың есеге төмендеген.
Вакцинаның қажеттілігі туралы мамандар тіпті де күмәнданбайды. Бірақ тұрғындар арасында бүгінгі күнге дейін екпенің зияны туралы пікір қалыптасқан. Ендеше шындығы немесе жалғаны қайсы, талқылап көрейік.
Жалған пікір 1: Вакцинаның көмегі арқылы алдын алатын сырқаттың менің елімде жойылған, сондықтан вакцинамен егілуге негіз жоқ.
Дұрыс емес. Вакцинаның көмегі арқылы аурудың алдын алу көптеген елдерде сирек кездескенімен, әлемнің басқа елдерінде олардың қоздырғыштары әлі де бар. Бір-бірімен байланысы бар әлемде бұл қоздырғыштар шекара арқылы өтіп, екпемен қорғалмаған кез келген адамға жұғуы мүмкін.
Жалған пікір 2: Вакциналар әлі де белгісіз, зиянды және ұзақ уақыттық кері әсерлер береді.
Дұрыс емес. Вакциналар қауіпсіз. Көбінесе вакциналар болмашы және уақытша әсер береді, мысалы, ине салған қолдың ауырсынуы және елеусіз дене қызуының көтерілуі. Күрделі әсерлер өте сирек кездеседі және тиянақты бақылау жүргізіліп, тексеріледі. Сіздің кері әсер алу мүмкіндігіңіз вакцинадан кейінгі әсерден бұрын сырқаттың салдарынан жоғары. Мысалы, полиомиелит сырқаты салдануды, қызылша ауруы энцефалит немесе соқырлық тудыруы мүмкін, ал кейбір вакцина арқылы алдын алуға болатын сырқаттар өлім жағдайына алып келуі мүмкін.
Жалған пікір 3: Вакцина арқылы алдын алу балалар үшін өмірдің шындығы.
Дұрыс емес. Вакцина арқылы алдын алу балалар үшін «өмірдің шындығы» болмауы мүмкін. Қызылша, эпидпаротит, қызамық аурулары қауіпті жұқпалы аурлар. Бұл аурулардың асқынулары балалар мен ересектерде пневмония, энцефалит, соқырлық, іш өту, кереңдік, туа біткен қызамыққа (егер әйел адам жүктіліктің алғашқы кезеңінде қызамықпен ауырса) және өлім жағдайына әкеліп соқтырады.
Жалған пікір 4: Бір мезгілде балаға біреуден артық енгізілген вакцина баланың иммундық жүйесіне әсер ететін кері әсерлердің пайда болу қаупін туғызуы мүмкін.
Дұрыс емес. Ғылыми мәліметтерге сәйкес бірнеше вакциналардың енгізілуі баланың иммундық жүйесіне қолайсыз әсер бермейді. Балалар күнделікті иммундық жүйеге әсер ететін бірнеше жүздеген табиғи заттармен ұшырасады. Нәтижесінде қарапайым тамақ ішу кезінде денеге антигендер түседі. Ал ауыз және мұрын қуыстарында көптеген бактериялар өмір сүреді. Бала вакцинадан бұрын суық тиіп немесе ангинамен сырқаттанғаннан кейін көптеген антигендермен ұшырасады. Бірнеше вакцинаны бір мезгілде енгізудің негізгі ерекшелігі емханаға келу жиілігін азайтады, уақыт пен ақшаны үнемдейді және балаларға ұсынылған кестеге сәйкес екпелердің салыну мүмкіндігі жоғарылайды.
Жалған пікір 5: Тұмау – бұл жай ғана жағымсыз сырқат және вакцина салу тиімсіз.
Дұрыс емес. Тұмау – бұл жағымсыз аурудан бұрын анағұрлым маңыздырақ. Бұл қауіпті ауру әлем бойынша жыл сайын 300-350 мыңға жуық адамдардың өмірін алып кетеді. Жүкті әйелдер, нәрестелер, қарт адамдар және кез-келген созылмалы аурумен ауыратын адамдар, мысалы демікпе немесе жүрек ауруымен ауыратындарға жұқпаның ауыр түрін жұқтыру және өлім жағдайына ұшырау қаупі жоғары. Жүкті әйелдерге вакцинаның пайдасы нәрестелерді қорғайды (бүгінгі күні 6 айға толмаған нәрестелерге вакцина егу жоқ). Тұмауға қарсы вакциналардың көбісі кез-келген жағдайда айналымда болатын үш түрлі вирусқа қарсы иммунитетті қамтамасыз етеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Абыздың ауылындағы бір күн
Жалған пікір 6: Вакцина алғанша, сырқаттанып иммунитет қалыптастырған жөн.
Дұрыс емес. Вакциналар иммундық жүйемен бірлесіп әсер етеді, жұқпалы ауруға қарсы иммундық жүйені қалыптастырады, бірақ олар ауру туындатпайды немесе егілгендерді асқыну қаупіне ұшыратпайды. Бірақ сырқаттану арқылы алған табиғи иммунитет - b (Hib) типті гемофильді жұқпамен сырқаттанғанда ақыл – есінің кемістігі, қызамық жұқпасының нәтижесінде туа біткен ақаулар, вирустық В гепатитінен бауыр обыры немесе қызылшадан өлім жағдайына соқтырады.
Жұқпалы аурулардан қорғанудың және вакцинаның көмегі арқылы қайғы – қасірет пен мүгедектік және өлімнен сақтайтын ең тиімді жол – вакцинация екенін естен шығармауымыз қажет.
Зауреш ТЕМУРОВА Түпқараған аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы