Қарақия ауданы басшылығының ұсынысы бойынша «Ерсай» ЖШС-нің демеушілігімен Қарақия аудандық орталық аурухананың балалар бөлімшесінде заманауи талаптарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді. Тиянақты атқарылған игі істің нәтижесін тапсырып беру рәсімі күні кеше болды. Игі рәсімге арнайы келген әкімдер мен мекеме және бөлім басшылары алдымен науқас балалардың қажетті дүниелерімен қамтамасыз етілген бөлімшелерді аралады. Мұнда жаңа туылған сәбилерге жылумен қамтылған нәрестелер үстелі, балалар бөлімінің фойесінде жұмсақ жиһаздар орналасқан. Жаңғырған айналаны көріп, мәре-сәре болған аурухана қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Көпшілік жиналған салтанатты жиында алғашқы сөз кезегін алған Қ.Әндірұлы жиналған қауымды құттықтады.
Бұдан соң «Ерсай» компаниясының менеджері Д.Қонысова ақ халатты абзал жандарды құттықтап, тілектестігін білдірсе, орталық аурухана директоры Ж.Шоланова демеушілік жасаған мекеме басшылары мен жетекшілік еткен қызметкерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ жиынға келген ауыл тұрғыны С.Досумова әже жаңарған, таза әрі сәнді балалар бөлімшесінде немересінің емделіп жатқандығын айтып, осы іске мұрындық болған Қыдырберді Әндірұлына ризашылығын білдірді. Балалар бөлімшесінде ем алып жатқан балаларға демеушілер тарапынан жұмсақ ойыншықтар таратылып, жүздеріне қуаныш сыйлады.
- Әлеуметтік салада аудан мен ауыл бойынша жасалған маңызды шаруалардың тұрақты дамуы – аудан халқы үшін маңызды. Мұндай ізгі шаралар мен ауқымды жұмыстарды атқару - біздің межелі міндетіміз. Балалардың денсаулығы мен оларға жағдай жасау өте маңызды, - деді аудан басшысы.
М. ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: YouTube тарихындағы ең танымал бейнебаян 5 миллиард рет қаралды