©
ҚР Президентінің «Қазақстан-2030» Жолдауының жүзеге асуында ҚР-ның денсаулық сақтауды дамыту және реформалаудың 2005-2010 жылдарға мемлекеттік бағдарламасы, денсаулық сақтау министрлігінің 2010-2011 жылдарға стратегиялық даму жоспары, ауруларды ерте анықтау, алдын алу жолында отандық денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыттары белсенді дамуда. Мысалы, денсаулық жылын өткізу шеңберінде 2002 жылдан бері ауылдың ересек тұрғындарын скринингтік зерттеу тәсілі енгізілді. ҚР-ның денсаулық сақтауды дамыту және реформалаудың 2005-2010 жылдарға мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2005 жылдан бері республикалық қаржының есебінен репродуктивті жастағы (бала туу жасындағы) әйелдерді минималды лабораториялық зерттеулер арқылы алдын алу тексерулері өткізіледі.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде 2007 жылдан бері ересектер арасында қан айналымы жүйесінің ауруларын (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және қатерлі ісіктерді) сүт безі мен жатыр мойынының қатерлі ісіктерін, жуан және тік ішектің қатерлі ісіктерін анықтауға бағытталған алдын алу тексерулері басталған.
Скрининг дегеніміз – белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексеру. Бейнеу аудандық емханасында бірнеше жылдан бері аурудың алдын алу және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімі бар.
Жыл басталған бойда сол жылдың аяғына дейін аудан халқын скрининг тексеруден өткізіп отырмыз. Әрбір телім медбикелері өздеріне қарасты мекен-жайларынан толған жастарына байланысты скринингке шақырады.
Скрининг кабинетке аш қарынға түске дейін келу керек.
Келген адамға сауалнама - сұрақтар қойылып, стат карта толтырылады, мінез-құлықтық қауіп фак- торлары (артық салмақ, темекі шегу, арақ ішу, насыбай ату, дене белсенділігінің төмендігі) анықталып, артериялық қан қысымы өлшенеді, қандағы қант мөлшері мен холестерин анықталады. Артериялық қан қысымы мен қандағы қант деңгейі жоғары болған жағдайда сол жерде бөлімнің дәрігері қарап, электрокардиографияға жолдап, кардиолог пен эндокринолог мамандарына жіберіледі. Ауру анықталған жағдайда пациент диспансерлік есепке алынып, әрі қарай дәрігер бақылауында болады.
2017 жылы скринингтік тексеру кезінде қан айналым жүйесі бойынша 165 ауру анықталып, «Д» есепке алынды. Қант диабеті бойынша 35 ауру анықталып, «Д» есепке алынды.
Қабылдайтын дәрілері тегін берілді. Жатыр мойынының ісігінің алдын алу бойынша 14 күмәнді әйел адам анықталып, бәрі де Ақтау қаласына онкологиялық диспансерге қаралып, 2 әйел адамнан жатыр мойынының обыры (рак) анықталды, қазір емін алып жүр.
Сүт безінің ісігінің алдын алу бойынша 1015 әйел маммографияға түсіріліп, 22-сі күмәнді болып, Ақтау қаласына онкология диспансеріне қаралып келді.
Оның ішінен 4 әйелден сүт бездерінің обыры анықталды. Қазіргі уақытта емделіп жүр. Жуан және тік ішек ісігінің алдын алу бойынша 1418 адамның үлкен дәреттері тексеріліп, одан 15 адам күмәнді болып, 13 адам онкология диспансерге қаралып, 1 адамнан обыр анықталды. Дәрігер онкологтың бақылауында жүр.
Глаукоманың (су қараңғы) алдын алу бойынша 1 адам анықталып, «Д» есепке алынды. Жылдан-жылға халықтың скрининг туралы түсінігі жақсарып, келуі дұрысталуда.
З.УРИСТЕМОВА,
дәрігер-терапевт
Тағы оқыңыз: Ақшұқыр ауылында жер учаскесі құжаттарын реттейтін филиал жұмыс істейді