Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында орта мектеп бітірген маңғыстаулық жастардың арманы жоғарғы оқу орынын бітіріп, орталықтан шалғай жатқан ауданның тіршілігіне кеңінен араласу еді. Сондай жастардың арасында Шахта орта мектебін бітірген Демеубергенұлы Рахмет те бар еді. Соғыстан кейін іле өмірге келген балалар сол уақыттағы заман қиыншылығын, жетпеушілігін сезіп өсті. Өмір олардың ерте есеюіне ықпалын тигізбей қоймады. Соғыс салған жарақаттың салдарынан әкесі Демеуберген Рахмет он жасқа келгенде өмірден озады.
Барлық үйдегі тіршілік көзі анасы Шарауханның мойынында қалды. Анама тезірек көмектессем, артынан ерген інісі Қожахмет пен кішкентай қарындасын жеткізсем деген ой бала Рахметті ерте есейтті.
1965 жылдың жазында 11 жылдық мектепті бітірген Рахмет Алматы медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсті. Студенттік өмір де зулап өте шықты, 1970 жылы аталған факультетті бітіріп, сол уақыттағы облыс орталығы Гурьевке келді. Институтты жақсы бітірген Рахметті жылы қабылдаған облыстық дәріханалар басқармасының бастығы Шәймерден Байдәулетов қалаға жұмысқа қалуды ұсынды. Облыстық сала басшысына ілтипатын білдіріп, мүмкіндік болса өзінің ауылына Маңғыстау ауданына қызметке барғысы келетіндігін айтты.
Фармацевтика саласын бітірген жоғары білімді дәрігер-провизорлардың орталықта да жетіспейтіндігін айтқан бастық «Сенің ауданың да облыстың шалғай орналасқан ең үлкен ауданы, атқаратын қызмет жеткілікті, бір шеті Бейнеу бір жағы Сенек жұмыстың жүйесін қалыптастыруың қажет, жас жігітсің жергілікті үкімет пен партия орындары да қарап қалмас, біз де орталықтан ықпал жасап отырармыз» деп, сәттілік тілеп шығарып салды. Аудан орталығы Шетпеге келіп, аудандық денсаулық сақтау бөлімі мен аудан басшысына өзінің аудандық орталық №11 дәріханаға меңгеруші болып келгендігін және сол уақыттағы аудан, елді мекендерін дәрі дәрмекпен қамту жауапкершілігі жүктелгендігін баяндады. Көпті көрген ауданның басшысы да жұмысына сәттілік тілеп, жергілікті биліктің жаңа бастамаларды қолдайтындығын білдірді.
Кейін қызметтес болған сол уақытты еске алған Рахаң аудандағы 30-ға жақын елді мекенге дәрі дәрмекті уақытылы елден келген автокөліктер арқылы жеткізіп тұратындықтарын, әйтеуір теміржол арқылы дәрілердің облыстық басқармадан ауданға дер кезінде келетіндігін айтқандығы бар еді.
Аудан елді мекендерінде бірінші және екінші дәрежелі дәріханалық пункттердің ашылуы 1973 жылы Маңғышлақ облысының құрылуымен байланысты еді. Аудандық дәріхана жоғары білімді және арнаулы орта білімді мамандармен толыға бастайды. Бұл күндері қызметтес болған провизорлар Н.Тасқынбаева, А.Жанаділова, А.Қойсарин, фармацевтер А.Қуатбаева, Б.Сегізбаева тағы басқа әріптестерімен аудан халқына абыройлы қызмет атқарғандарын Рахмет ілтипатпен еске алады. №11 аудандық орталық дәріхананың материалдық техникалық базасы сол уақыттағы заман талабына сай тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, аудан емдеу орындарына тиісті сұйық, құрғақ ұнтақ дәрілердің барлық түрлерін жасап беріп отырды.
Тағы оқыңыздар: Жолға жайылған төрт түлік маңғыстаулық тепловоздарды 46 рет тоқтатқанОл уақытта аудандағы қатары көп сиремеген Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлерінің үкімет қаулысына сай дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етілуін Рахмет өз бақылауында ұстап отырды. Өзі де білімін көтеру мақсатында Кеңес Одағының республикаларының білім жетілдіру орталықтарында болып, тұрақты оқып отырды. Жәй дәрігер маманның білім деңгейінің ең жоғарғы биігі жоғары категориялы дәрігер- провизор атағын қорғады. Жаңадан келген дәрілерді таныстыру мақсатында аудандық емхана мен аурухана дәрігерлеріне семинар өткізіп отыру ісін тұрақты жолға қойды.
Рахметтің еңбегі ескерілмей қалған жоқ, оған «СССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді, бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау және дәріханалар басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің мақтау қағаздарына ие болды. Ол аудандық медициналық кеңес мүшесі есебінде денсаулық сақтау жүйесі қызметінің қалыпты жұмыс жасауына үлесін қосты. Өзімен қызметтес болған ауданның бас дәрігерлері Б.Тұрарбеков, Ш.Байназаров, Б.Абаев, І.Жарылғасынов, Т.Ақ- жігітов және осы жолдардың авторымен түсіністікпен қызмет атқарды.
Әулеттегі дәрігерлік жүйеге оқу ісін немере інісі Қыстаубай мен қарындасы Тілектес жалғастырды. Аудандық дәріхананың меңгеруші қызметін 1970 жылдан үзіліссіз 1996 жылға дейін абыройлы атқарды. Қазақстан Республикасы үкіметінің 27.02.1996 жылғы «Қазақстан Республикасында 1996-1998 ж.ж. аралығында мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындарды жекешелендіру бағдарламасы туралы» №246 қаулысына сай облыстағы дәріханалар жекешелендіріліп, таратылды. Рахмет сол уақыттың қиындығына қарамастан банктен несие алып, «Рахмет-фарм» дәріханасын ашып, жеке кәсіпкер болып, өз мамандығына сай жұмыстың жаңа жүйесін ұйымдастырды. Басқа жекеменшік дәріханалардан өзгешелігі – дайын дәрі сатудан өзге, әртүрлі сұйық дәрілер түрін де жасап, халықтың пайдалануына ұсынды. Қазір жеке кәсіпкерлігін дамытып, аудан орталығының екі жерінен ашылған дәріхананың қалыпты жұмыс жасауын ұйымдастырып отыр.
Тәуелсіздік жылдарындағы еңбегіне сай Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай облыс әкімінің Алғыс хатымен және Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Денсаулық сақтау саласының ардагері, тұңғыш дәрігер-провизор жетпісті бағындырып, немерелерінің көз қуанышына бөленуде.
Б.БАЙНАЗАРОВ,
ауданның құрметті азаматы