Облыстың онколог дәрігерлері «Ашық есік» күнін өткізіп, тұрғындарды тегін дәрігерлік тексерілуден өтуге шақырады. Ақтау қаласының тұрғындары сүт безі обырына тексерілу үшін №2 Ақтау қалалық емханасына және облыстық онкологиялық диспансеріне бара алады.
№2 Ақтау қалалық емханасына жоғары шағынауданның (11, 12, 15, 24, 26, 27, 28, 28А, 29, 30 шағынаудандары, Толқын-1 және Толқын-2, Приозерный елдімекені) тұрғындары қарала алады. Тұрғындарды қабылдау 21 қазан күні сағат 9:00 мен 13:00 аралығында жүргізіледі. Барлық сұрақтар бойынша 210-561, 210-421, 210- 590 телефондарына хабарласуға болады.
Ал, облыстық онкологиялық диспансерінде өтетін ашық есік күніне 65 және одан жоғары жастағы әйел азаматшалар қатысады. Маммолог, онкохирург, онкогинеколог дәрігерлер 21 қазан күні сағат 9:00 мен 13:00 аралығында қабылдайтын болады. Тіркеу бөлімінің телефоны: 34-30-71.
Облыстық онкологиялық диспансері директорының міндетін атқарушы Жаңыл Джарылқасынованың айтуынша, бүгінгі таңда орталықта 684 әйел сүт безі обырымен есепте тұр. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде көрсеткіш-631 болатын.
- Халықтың өлім-жітімі себептерінің арасында онкологиялық аурулар – екінші орында. Егер обыр диагнозы ерте қойылса, соғұрлым емнің нәтижесі де, өмір сүрудің сапасы да жақсарады. Сондықтан да облыс көлемінде өткізілетін ашық есік күндеріне немесе скрингтік тексеруге тұрғындарды белсене қатысуға шақырамыз. Сүт безі обырына скринингктік тексеру 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оған 50, 52,54,56, 58 және 60 жастағы әйел азаматшалар қатыса алады. Жыл басынан бері скринингктік тексеруден 9 562 әйел өтті, бұл облыстағы әйелдердің 77,3%-ын құрайды. Олардың арасынан 9 сүт безі обыры анықталды,-дейді Жаңыл Джарылқасынова.
Венера МИРЛАН