©
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында он нақты мәселеге тоқталып өтті. Соның жетінші бағыты «Адами капитал-жаңғыру негізінде» халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілу үшін барлық жағдай жасалу керек делінген. Осы орайда Маңғыстау аудандық ауруханасында да көптеген жұмыстар жасалынуда.
Биылғы жылы аурухана жанынан ішкі резервтерді пайдалана отырып заманауи аппараттармен жабдықталған жансақтау бөлімшесінен бір жылға жетпейтін уақытта 78 науқас емделіп шықты. Сонымен қатар барлық бөлімшелер ішінен 6 күндізгі төсек кереуеттері, 3 медбикенің көмегін қажет ететін науқастар үшін арнайы кереуеттер алынды. Саламатты өмір салтын насихаттау бағытында жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға емхана дәрігерлерінің көмегімен колледж студенттері, жоғары сынып оқушылары арасында 38 дөңгелек үстел, 37 лекция, 83 семинар сабақтар, 32 ашық есік күні, 35 спорттық шаралар 25 әр түрлі тақырыпта акциялар өткізілді.
Емхана ішінен «жас ана» мектебі, балаларды тамақтандыру ресурстық кабинеті ашылып, білікті дәрігерлер жүктілік кезіндегі жағдайлардан бастап бала күтімі, тамақтандыру сияқты тақырыптарда кездесулер ұйымдастырды. Сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында онколог дәрігер кабинеті 2012 жылдан бері жұмыс жасап келеді, 2015 жылдан бастап ашылған ерлерді қарау кабинетінен былтырғы жылы 394 ер азамат қаралып, 2 ауру белгісі анықталды. Жыл сайын өткізілетін скринингтік бақылаудан 1376 адамнан анықталған аурулар облыс, республика көлеміне емделуге жіберілді.
Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары да жүргізілуде. Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу бағыттары бойынша «Даму» медициналық ақпараттық жүйесімен келісімшартқа отырып, жұмысты бастап кеттік. Кадрмен қамту мәселесі бойынша ауданда 84 дәрігер, 250 мейірбике қызмет етеді. Қайта даярлау курсынан 252 маман оқытылды, ана мен бала өлімін азайту мақсатында 5 дәрігер: бала невроптологы, травматолог, узи маманы, кардиолог, мамолог мамандары білімін жетілдіруде.
Елбасымыз әр жылғы Жолдауында денсаулық саласын назардан тыс қалдырған емес. Басың ауырып, балтырың сыздаса дәрігердің көмегіне жүгінетініміз белгілі, ал халықтың қажетін өтеу үшін жағдайдың жасалғаны дәрігер мен емделуші арасын да түсініспеушілік туындатпайтыны сөзсіз. «Маман тапшылығы, техниканың ескіргені» естілмейтін қоғамда өмір сүруге мүмкіндік туғызып отырған Елбасымыздың саясатын қолдаймын. «Ең бірінші байлығың денсаулығың» демекші, елімізде халықтың денсаулығын жақсарту бағытында жасалып жатқан өзгерістерді маман ретінде дұрыс деп бағалаймын.
О.МҰҚАНОВА,
аудандық орталық аурухана директорының орынбасары
Тағы оқыңыз: Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары