Маңғыстау облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Қуат Титанов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда республикада аурушаңдықтың төмендеу қарқыны – 25,9%, ал облыста – 13,6% болған. Туберкулезден өлім-жітім төмендеуі республикада – 20,8% болса, облыста – 50,0%.
2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 46,0 құрап 11,8%-ға төмендеді. Өлім-жітім көрсеткіші 45,0%-ға төмендеп 100 мың тұрғынға шаққанда 1,1-ге құрады. Барлық жастағы адамдар арасында аурушаңдық деңгейінің төмендеуі байқалады. 2019 жылмен салыстырғанда балалар арасындағы аурушаңдық деңгейі 26,4% -ға төмендегені байқалады.
Аймақта туберкулезге қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, облыста тездетілген зертханалық диагностика әдістері уақытылы және үздіксіз қолданылады (HAIN микробиологиялық анализаторы, «BAKTEK MGIT-960», «GENE XPERT» аппараттары). 2020 жылы «BAKTEK MGIT-960» аппараты үшін 57 568 765,6 теңгеге қажетті материалдар, «Gene-Xpert» аппаратына 16 797 920 теңгеге картридждер сатып алынды. Өңірде туберкулезді емдеудің жаңа схемасы өз уақытында енгізілуде.
«Емдеуден бұрын барлық науқасқа дәріге сезімталдығын тексеру үшін тест жүргізіліп, соның нәтижесінде ОДКК шешімімен емдеудің жеке тиімді схемасы тағайындалады. Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілуде. Заманауи сандық технология кең қолдануда, 2018 жылдың қазан айынан бастап бейне бақылаулы ем әдісі енгізілді. 2020 жыл бойы 230 науқас осы әдіс арқылы емделді. Телемедицинаны қолдану арқылы ОДКК отырыстары, аудандарға кеңес беру т.б. БМСК мекемелерін фтизиатр мамандарымен қамту – 85,6%, фтизиопедиатрлармен қамту – 86,6%-ды құрады. Мамандар уақытылы біліктілікті арттыру курстарында, мастер-класс, семинар-тренингтерде оқытылады», - дейді Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Қуат Титанов.
Қазіргі таңда туберкулезге қарсы ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша шаралар қабылдануда. ОТҚД ересектерді емдеуге арналған ғимаратта жұқпалы науқастарды емдеуге арналған бокстық және жартылай боксті палаталарды ұйымдастыру бойынша жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жаңаөзен ауданаралық туберкулез ауруханасында да жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілді. ОТҚД зертханасы орналасқан ғимаратқа және де тамақтандыру бөлімшесінің ғимаратына ағымдағы жөндеу, облыстық «Тұщыбек» туберкулезге қарсы шипажайына күделі жөндеуден жұмыстары аяқталды.
«Әсер» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Гүлнара Жакаеваның айтуынша, туберкулезден 100% емделуге болады. Ең маңызды фактор – мамандардың біліктілігін арттыру. Сол мақсатта Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің базасында оқыту семинары ұйымдастырылды.
Аталмыш шара Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай туберкулездің алдын-алу жөнінде айлық аясында өткізіліп жатыр.
Дүниежүзілік күні мен айлық өткізудің мақсаты – халықты профилактикалық шаралар, туберкулездің алғашқы белгілері, уақытында медициналық көмекке жүгінудің маңызы және уақытында емделудің тиімділігі туралы ақпарат алуын арттыру.