Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы грэпплингтен өткен әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 8-9 қараша күндері Әзербайжан астанасы Бакуде ұйымдастырылған жарыс жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында өтті. Оған маңғыстаулық 9-сынып оқушысы Аслан Бақыткалиев қатысты. Жас спортшы жасөспірімдер арасында 53 келіде бақ сынасып, екі кездесу өткізген. «Менің салмақ дәрежемде 10 спортшы болды. Алғашқы кездесуде Әзербайжан спортшысы Гейдар Хагвердилиді (Heydar HAGVERDILI) ұттым. Ал жартылай финалда ресейлік Темірлан Қараочевпен кездестім. Бірақ бұл белдесу мен үшін сәтсіз болды», - дейді Аслан. Айта кету керек, Аслан грэпплингпен өткен жылдан бастап айналыса бастаған. Ол «Lions Fight club» спортшыларының теңіз жағалауындағы жаттығуынан кейін осы спортқа бет бұрды. «Бапкерім Ислам Долгатов ерекше қызығушылығымды байқап, жарыстарға дайындай бастады. Маған қолдау білдірген ата-анама, бапкеріме, мектебіме алғысым шексіз. Бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамын», - дейді қола жүлдегері А.Бақыткалиев. Аталған жарыста Қазақстаннан 120 спортшы бақ сынады. Оның 19-ы маңғыстаулық. Жалпы есеп бойынша маңғыстаулық боксшылар 3 алтын, 1 күміс, 6 қола медальмен оралды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Ақтау қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі ұсынды