Облыс орталығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырған ақпараттық тур аясында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының туроператорлары өңіріміздің туристік әлеуетімен танысты. Екінші ақпараттық турға қатысушылар Тараз-Шымкент-Сарыағаш-Түркістан-Ақтау бағыты бойынша сапарын 1 қараша күні бастаған болатын. Ондағы мақсат – әр өңірдің туристік әлеуеті жайлы мәлімет жинап, ішкі туризмнің дамуына серпін беру. Ал турдың ұйымтастырылуына мұрындық болып отырған «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2017 жылы құрылған. Акционерлік қоғамның негізгі мақсат-міндеті — еліміздің туристтік әлеуетін шет мемлекеттерге таныту және қазақстандық туризм саласына шетелдік инвестицияларды тарту. «Каспиан Ривиера» мейманханасында ақпараттық тур аясында өткен таныстырылымда «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Маркетинг, цифраландыру және коммунакация департаментінің менеджері Дархан Тегенбаев сапардың маңызы жайында әңгімеледі. - Осы сапарда туроперторлар әр өңірдегі туристтік нысандарға өз бағасын беріп, ел ішіндегі туризмді дамытудың жолдарын пысықтады, - деді ол. - Олардың пікірінше, Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан қалалар мен Маңғыстау аймағындағы киелі жерлер шетелдік қонақтар үшін ғана емес, қазақстандықтар үшін де тартымды туристік бағытқа айналуы тиіс. Сондай-ақ, ақпараттық турдың қатысушылары әр жерде кездесетін, бірақ түп-тамыры бірдей мәселенің бар екендігін аңғарды. Оның ішінде, шет тілдерін меңгерген экскурсия жүргізуші мамандардың тапшылығы, туристік маңызы бар нысандарда қолайлы жағдайдың жоқтығы, меймандарды күту мәдениетінің әлі қалыптаса қоймағандығы, шипажайларда ем-домды ұзақ қабылдайтындарға арнайы мәдени бағдарламаның ұйымдастырылмайтыны сынды мәселелер тездетіп шешімін табуы керек. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өтіп жатқан республикалық ақпараттық тур биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін, мамыр айында өткізілген ақпараттық турға еліміздің батысындағы 4 аймақтан жиналған туроператорлар Нұр-Сұлтан–Бурабай–Шымкент–Сарыағаш–Алматы–Алматы облысы–Шығыс Қазақстан облысы бағыты бойынша сапар шеккен болатын. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының және Маңғыстау туроператорларының басқосуында Маңғыстау облыстық туризм басқармасының бас маманы Гүлсім Жариева өңірде туризмнің дамуы жайында баяндады. Маңғыстау өлкесімен танысып, жергілікті туристік қауымдастықпен байланыс орнату мақсатында таныстырылым барысында В2В кездесулер ұйымдастырылып, шараға қатысушылар өзара әріптестік орнату жолдарын талқылады. Осылайша, ақпараттық тур аясында еліміздің өңірлерін аралап жүрген туроператорлар 10 күндік сапарын Ақтау қаласында қорытындылады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА