Ақтау қаласындағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасы аясында қазақ тілінде «Мәміле» пікірсайыс клубы салтанатты түрде ашылды. Оған қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілер қатысты. - Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру баса айтылған болатын. Осы жобаның басты міндеттері — қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын насихаттау, Қазақстан халқының бірлігі мен достық дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырудың жүйесін құру. Міне, осы мақсатта ашылып жатқан уақытта осы клуб жұмысына және клубқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді «Мәміле» қоғамдық қорының директоры Қанат Ғалымұлы. Клубтың мақсаты — екі тілге бөлінген топ арасында диалог орнатып, қазақ тілін дамыту. Клубта барлық ниет білдірушілер келіп, өздерінің мемлекеттік тілді үйренудегі машықтарын жетілдіре алады. Клуб отырысына қатысушылар жоба жетекшісі Қанат Тасибековтың «Ситуативті қазақ тілі» әдісімен тіл үйреніп қана қоймай, қоғамдық-саяси мәселелерді де талқыға салады. Сонымен қатар «Мәміле» клубында кітаптар, дәптерлер міндетті емес және грамматиканы жаттау болмайды. Оның орнына қазақ тілінде түрлі қызықты әңгімелер мен ойындар ұйымдастырылады. Бұл бұрынғы қалыптасқан әдіске қарағанда анағұрлым ұтымды және тілді игеруге жеңіл соғады. Өйткені, үйренушілер өзін еркін сезініп, сабақ тартымды да қызықты өтеді. Шара соңында клубтың алғашқы сабағы да басталып, ұйымшылдық, ынтымақтық сезімдерді ояту сабақтарының алғашқы сағаты ойдағыдай өтті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА