Жер қатынастарын жетілдіру – заман талабы
[ 2019 ] 5 қараша, 09:57 | Қоғам
Жер – халқымыздың басты қазынасы. Әсіресе қойнауында «қара алтын» көлкіген, кең көсілген Маңғыстау даласын игеруге ниет танытушылар көп болса керек. Әрине, жерді бос тастамай ел игілігіне жарату – заман талабы. Дегенмен жерді игеру әрі пайдалану барысында мемлекет тарапынан қойылатын заңнама талаптарын бұлжытпай сақтау қатты қадағаланса дейміз. Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдаланушылар да, жерді ауыл шаруашылық, өнеркәсіптік, құрылыс мақсатында кәдеге жарататын кәсіпкерлер де жетіп артылады. Бүгінгі таңда жерді жалға беру немесе сату еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің тиімді тетігі ретінде қызмет етуде. Облысымызда жер алып, жеке кәсібін табысты жүргізіп жатырған халық үлесі артып келеді. Әйтсе де бұл салада кем-кетіктер жоқ емес. Жалпы облыстағы жер қатынастары саласының жай-күйі жөнінде Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дәулетиярұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Есемұрат Дәулетиярұлы, бүгінгі таңда облыстық жер қатынастары басқармасының қызмет бағыты қандай? Облыстың жер көлемі, соның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жер үлесі қандай?
- Мен жетекшілік ететін басқарма облыстың жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысады.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының жалпы көлемі 16 564,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 5 228 мың гектарға тең. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығынан басқа жерлер 245,4 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және емдеу-сауықтыру мақсатындағы жерлер 223,4 мың, су қоры 14,3 мың, орман қоры 253,2 мың , ал бос жер 9 501,9 мың гектарды құрап отыр. Негізгі ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 12 650,9 мың гектарға тең. Олар жайылым алқаптарынан, егістік және тыңайған жерлерден, шабындықтар мен көп жылдық екпелерден құралған.
– Жерді заңды және жеке тұлғаларға жалға беру немесе сату ісі жолға қойылған ба?
- Биыл жер қойнауын және өзге де жер телімдерін пайдалану үшін біздің басқармаға 105 өтініш келіп түсті. Осыған байланысты облыстық жер комиссиясының 3 отырысы өткізілген еді. Бас қосу барысында кең таралған пайдалы қазбалар бойынша – 12, көмірсутегі шикізаты бойынша – 3, әскери бөлімдер бойынша – 13, күзет аймағын белгілеу бойынша 3 өтініш толығымен қаралып, тиісті нұсқаулықтар әзірленіп, ісшаралар атқарылды.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысы әкімдігімен жер қойнауын пайдалану үшін жер телімдерін табыстау жөнінде 15 қаулы, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерді пайдалану үшін жер учаскелерін тұрақты пайдалану құқығымен беру жөнінде 5 қаулы қабылданды.
ХҚКО арқылы келіп түскен жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту бойынша облыстық жер қатынастары басқармасына 46 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 45 жерге орналастыру жобасы бекітіліп, 1 жерге орналастыру жобасы тексеріс кезінде талаптарға сәйкес болмауына байланысты, тиісті түзетулер мен толықтырулар енгізу үшін кері қайтарылды.
Жер қойнауын пайдалану мақсатында уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасы мен жер пайдаланушылар арасында 69 жеке және заңды тұлғалармен жалға беру туралы шарт жасақталды.
Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығындағы жер пайдаланушылар саны 3 299-ға жеткен, ал өңір аумағында 2 299 шаруа қожалығы тіркелген.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйеге қандай жаңғыртулар мен өзгерістер енгізілді? Геопортал жүйесінің көлеңкелі экономика деңгейін төмендетудегі мүмкіндіктері туралы баяндап өтсеңіз.
– 2017 жылы Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының тапсырысымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының №21 мемлекеттік сатып алу туралы шарты негізінде бүлінген жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. Осы тапсырма аясында облысқа тиесілі жер қорының өзгерістерін жедел бақылап отыру және жер ресурстарын заңсыз игеру, жер бүлінуінің алдын алу үшін геопортал құрылып, жер кадастрлық базалар жүйесі ғарыштық түсірілімдермен бірегейлендірілді.
Геопортал жүйесі арқылы біз жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарттық аумағынан тыс топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу кезінде жер бүлiнуі, мұнай ұңғылары орналасқан аумақтың айналасында май төгілуі, антропогендік әсердің нәтижесінде жерлердің бүлінуі, елді мекен аумағында жерге құжатсыз салынған құрылыстар жайлы нақты ақпаратқа қол жеткіземіз. Ғарыш түсірілімдері жаңартылып отырады. Мониторинг жұмыстарының барлық қорытындылары сандық карта схема түрінде Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының геопорталында (uzomangistau.gharysh.kz) жарияланады. Бұл деректер қарапайым халық үшін де аса оңтайлы әрі пайдалы болмақ.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының деректеріне сәйкес мониторинг қорытындысымен 62 елді мекенде жер кадастр базасына енбеген 5000-ға жуық құрылыс нысандары жөнінде мәліметтер көрсетілген. Облыста тіркелген 96 пайыз жер қойнауын пайдаланушының жер телімінде келісім-шарттан тыс пайдаланылған аймақтар анықталған. Сонымен бірге ғарыштық түсірілімдер негізінде Жаңаөзен қаласының солтүстігіндегі «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен «Алмэкс плюс» ЖШС-ның аумағында жалпы көлемі 165,7 гектар жерде мұнай қалдықтарымен ластанған 471 жер телімдері анықталған.
– Мұндай заңнама талаптарын өрескел бұзу анықталған жағдайда тиісті органдар тарапынан қандай жазалар қолданылады?
– Әрине, геопортал арқылы мәліметтерді айғақ ретінде пайдаланып, заң талаптарына қайшы және жөн-жосықсыз жер пайдаланушыларды жауапкершілікке тарта аламыз.
Жер қойнауын пайдаланушы келісім-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу барысында ҚР заңнамасында белгіленген экологиялық және жер қойнауын қорғау, ұтымды және кешенді пайдалану талаптарын сақтауға тиіс. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу қағидаларын бұзу және жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық талаптарды орындамау тиісті айыппұл салуға алып келеді. Сонымен қоса мемлекеттік экологиялық сараптаманың және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларында көрсетілген талаптарды бұза жұмыс жасаған кезде, атап айтар болсақ ішкі карьерлік жолдар мен үйінділерге жүйелі түрде су бүркемесе, автокөліктердің аса ауыр жүк көтеру салдарынан тау-кен массаларының құлауын болдырмаудағы алдын алу жұмыстарды орындамаса, жер қазу техникаларының жүру жылдамдықтарын төмендетуді ұйымдастырмаса, ауаның ластануын шектемесе ескерту жасалады немесе қоршаған ортаға келтiрілген зиян сомасы мөлшерiнде айыппұл салынады.
– Есемұрат Дәулетиярұлы, облыс аумағында игерілмей жатқан бос жерлердің үлесі қандай және оларды қайтару ісі қалай жүзеге асырылады?
– Үкімет өз мақсатында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне кері қайтару туралы қатаң талап қойғандығы белгілі. Көптеген азаматтар жерді ел игілігіне жарату үшін алғанымен, біраз уақыт өткен соң қараусыз, өңдеусіз жатқан жер тозып, жарамсыз күйге түседі. Әрине, бұндай жағдайда біздің басқарма пайдаланылмаған жерлерді қайтарудың пәрменді шараларын іске асырады.
Республика тарапынан жүргізілген ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу барысында пайдаланылмай жатқан 759,2 мың гектар жер анықталып, қазіргі кезде оның 709,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Маңғыстау облыс бойынша осы қайтарылған жерлердің бүгінде 546,8 мың гектар жері қайтадан айналымға енгізілді.
Жер қатынастары басқармасының жерге қатысты жүргізген жұмыстары өзінің экономикалық тиімділігін көрсете бастады. Соңғы жылдары, біздің басқарма бастамасымен ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізіліп, аудандардағы пайдаланусыз жатқан 3 млн. гектардан аса жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Мәселен, 2009 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 8 млн. 511,2 мың гектарды құраса, 2016 жылы жер учаскесінің көлемі 3 млн. 173,1 мың гектарға азайып, 5 млн. 338,1 мың гектарды құрады. Осылардың себебінен бос жердің көлемі 9 млн. 503,3 мың гектарды құрап отыр.
Біз ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді іскер, өзіне де, халыққа да пайдалы қызмет көрсете алатын жанашыр азаматтардың игергенін қалаймыз. Жерді күтіп баптап, құнарлылығын арттырып, өнімділігін көтере білген азаматтарға мемлекет тарапынан да қолдау зор болмақ. Ауыл шаруашылық өнімдерінің молшылығын жасау, жерді тиімді пайдалану бүгінгі таңда отандық аграрлық ғылымның басты міндеттерінің бірі екендігі сөзсіз. Сол себепті жердің бабын тауып, несібе терем деген ниеттегі нағыз еңбек адамдарына әр кез кәсіби ақыл-кеңесімізді беруге даярмыз.
– Жер телімін сатып не жалға алған борышкерлер өз берешектерін қайтарды ма?
– Соңғы жылдар бойынша талдау жұмыстарының нәтижесінде берешектердің жалпы сомасы 97 млн. 319 мың 500 теңгеге тең болатын. Қазіргі кезде оның 51 пайызы өндірілді. Қалғаны 49 млн. 673 мың 700 теңгені құрады. Борышкерлер қарызын қайтармаған жағдайда тиісті жазалар қолданылады.
– Бүгінгі таңда облыстық жер қатынастары саласында қандай мәселелер бар?
– Әрине, жер қатынастары саласында кейбір мәселелердің шешімін табуға жұмыстанамыз. Мәселен, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығы негізінде, жүк транспорттарының облыстық және республикалық маңызы бар жалпыға бірдей жолдарда жүруі, білікке түсетін жүктемеге сәйкес 10 тоннадан аспауы қажет. Бұл өз кезегінде жүк автокөліктерін пайдалануда шектеулерге әкеліп соғып, тасымалданатын жүктің өзіндік бағасының өсуіне және кәсіпкерлердің шығындарының көбеюіне әкеліп соғады. Осы мәселелерді шешу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, кәсіпкерлердің жол шығындарына кеткен шығыстарының бір бөлігін субсидиялау бағытында облыстық кәсіпкерлік пен сауда басқармасы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып қарау ұсынылды.
Алдағы уақытта жер қатынастары саласындағы түйткілдерді тарқату, қызмет көрсету тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға беруде үздік жетістіктерге қол жеткізу көзделген.
– Пайдалы ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Голрох ЖЕМЕНЕЙ
1758
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.