Облыс әкімдігінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу бойынша өңірлік штаб отырысы өтті. Бас қосуда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілуіне екі ай уақыт қалғандығын қаперге беріп, медицина саласының өкілдері бас қосып, дайындықты пысықтап алу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісов тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлі де болса кеңінен жүргізу қажеттігін айтты. - Аймақтарда құрылған штаб жұмысының негізгі басым бағыттары – әрбір тұрғынды қамти отырып, толыққанды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, – деді ол. Медициналық сақтандырудың әрбір аспектісі кеңінен түсіндірілсе ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан осы жұмыстарды әлі де болса жандандыра түсу қажет. Маңғыстау облысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды 2020 жылы 1,4 есеге, яғни 39,5 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. МӘМС жүйесін енгізу шараларын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласының бюджет көлемі 2020 жылы ел бойынша 1 561,4 миллиард теңгені құрайды, оның 573 миллиард теңгесі – МӘМС аударымдары. Қаржыландырудың жалпы көлемі 2019 жылғы деңгейден 52%-ға артады. Маңғыстау облысы бойынша 2020 жылы 39,5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру жоспарлануда, бұл 2019 жылғы бюджетпен салыстырғанда 1,4 есе жоғары. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында– 26,6 миллиард теңге, МӘМС аясында – 12,9 миллиард теңге. МӘМС жүйесі аясында халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі жалпы ел бойынша 95%-дан асады деп болжануда. МӘМС жүйесін енгізу үшін ұсынылған шекті деңгей кемінде 80% болады. Маңғыстау облысы бойынша бұл қамту 93% және облыс халқының 7%-ы немесе 50 мыңға жуық адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі. Ол бойынша мәртебені өзектендіру жұмыстары жалғасуда. Әлеуетті жеткізушілердің мәліметтер базасында облыс бойынша 80 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Маңғыстау облысының «МСҚ» КЕАҚ филиалы ТМККК аясында 2019 жылға 51 өнім берушімен шарт жасады. Оның ішінде мемлекеттік – 26 (51%), жеке – 25 (49%) ұйым бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бүкіл ел бойынша медициналық көмектің жаңа пакеттерін–ТМККК және МӘМС енгізуге байланысты медициналық көмекті ұйымдастыруда өзгерістер бөлігінде медицина қызметкерлерінің құзыретін арттыру мақсатында оқыту семинарларын өткізуде. Бұл үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) жұмыс істеуі жағдайында медициналық қызметтер мен бизнес-процестердің тізбесін бөлу бойынша оқыту материалдары әзірленді. Бүгін Ақтау қаласында семинарға жалпы тәжірибе дәрігерлері, денсаулық сақтау менеджерлері және орта медициналық қызметкерлер қатарынан 100-ге жуық медициналық ұйымдардың қызметкерлері қатысты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында МӘМС жүйесі бойынша оқыту семинарларын жалғастырады. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) іске қосылатынын айтып, Үкіметке МӘМС жүйесін енгізу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, реформадан кемшілік кетпеуін қадағалау-ды тапсырған болатын. 2015 жылдан бері денсаулық сақтау жүйесін МӘМС-ке дайындау бойынша конструктивтік және жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі күні барлық қажетті нормативтік құқықтық база қабылданды. 2015 жылы МӘМС жүйесінің негізгі принциптері мен жұмыс істеу тәртібін регламенттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңы қабылданды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық қамтамасыз ету жүйесін енгізуді көздейтін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев өңірдегі медициналық мекемелердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін ақпараттық жұмыс қалалар мен аудандарда бекітілген өңірлік коммуникацияларға сәйкес жүргізілуде. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында 51 медициналық ұйымдармен, (оның ішінде 25 жеке меншік) 71 келісім-шарт жасақталып, жалпы өнім берушілер ішінде жеке меншік өнім берушілердің үлесі 46,3%-ды құрады. Жеке меншік өнім берушілерді қаржыландыруға 2 795 000 миллион теңге бөлініп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бағытында жұмыстар жалғасын табады. Барлық мемлекеттік органдар, қала және аудандық әкімдіктер азаматтарды формализациялау, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыруды жүйелеріне тарту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар санына қосу, жарналардың сақтандыру қорына түсуін жүйелендіруге бағытталған шараларды орындау тапсырылды. Штаб отырысына қатысушылар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу дайындығын жан-жақты талқылап, пікірлерімен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА